СҚО Ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы декларация тапсырылмағаны үшін 170 мың теңгеден астам айыппұл төлеуі тиіс
Солтүстік Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ол қызметшіге активтері мен міндеттемелері туралы декларация ұсынбай, қызметке қабылдаған деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Құқық бұзушылық сыбайлас жемқорлыққа жатады, ол үшін 100 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Басшы өз кінәсін толық мойындағандықтан, әкімшілік іс қысқартылған іс жүргізу тәртібімен және белгіленген айыппұлдың елу пайызын – 50 АЕК өндіріп алу арқылы қаралды. Ал, бұл – 172 500 теңге.
“Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заңның 11-бабына сәйкес, мемлекеттік лауазымға кандидаттар мен олардың жұбайлары лауазымға тағайындау туралы акт шығарылғанға дейін активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсыратынын еске салады. Жыл басынан бері түрлі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін 1,4 млн. теңге сомасына айыппұл салумен 8 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – деп атап өтті ведомствода.