Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Су тасқынынан зардап шеккен петропавлдықтарға психологтар қолдау көрсетуде

Су тасқынынан зардап шеккен петропавлдықтарға психологтар қолдау көрсетуде

Облыс орталығындағы эвакуациялық орталықтарда психологтар күн сайын зардап шеккен тұрғындармен жұмыс істейді. Барлығына қалалық психикалық денсаулық орталығының білікті мамандары сапалы көмек көрсетуде, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Судан зардап шеккендермен жұмысқа 24 психолог тартылған. Қазірдің өзінде 400-ге жуық адамға кеңес беріліпті.

«Су тасқыны кезінде үйлерінен, киім-кешектерінен, тұрмыстық техникасынан айырылған, үрейі жоғарылаған адамдар психиатрияда күйзеліске жедел реакция деп аталатын жағдайды бастан кешіреді. Психологтар шұғыл психологиялық көмек көрсетіп жатыр. Негізгі мақсат – эмоционалды күйзелісті жеңілдету. Осылайша адамдар адекватты түрде әрекет етіп, соған сәйкес алдағы іс-әрекеттерін жоспарлай алады», – дейді психолог Ирина Якимова.

Қозыбаев университетінің психологтары да эмоциямен күресуге көмектесіп жатыр. Университетте психологиялық көмек көрсету штабы жұмыс істейді.

«Қалада су тасқыны басталғалы бері бізге 17 өтініш түсті. Біздің үш қызметкерге психологиялық көмек қажет болды, бұл – университет қызметкерлері, әкімшілік өкілдері. Бес студент те жүгінді, олардың үйлері су астында қалды. Негізі, адамдарға не болып жатқанын түсініп, қорытып, бөлісуге шешім қабылдай алу үшін 3 пен 5 күнге дейін керек. Алдағы күндері өтініш білдіруші жандардың саны артады деп болжаймыз”, – деді Қозыбаев университеті психологиялық қызметінің басшысы Павел Моисеев.

Психологиялық көмекке көзбе-көз ғана емес, сонымен қатар сенім телефоны арқылы да жүгінуге болады. ЖОО психологтары 49-30-35 нөмірі бойынша қоңырауларды қабылдайды. Болашақта онлайн чатты іске қосу жоспарлануда.

“Сенім телефонына екі қоңырау түсті. Елдің басқа оқу орындарының психологтарымен бірге топ құру туралы шешім қабылданды. Біз бірлескен күш-жігермен онлайн чатты іске қосқымыз келеді. Өтініштерді 4 қызметкер қабылдай алады, олар екі сағат сайын ауысып отырады. Көмек қазақ және орыс тілдерінде көрсетіледі”, – деді Павел Моисеев.

Су тасқынынан зардап шеккендерге арналған психологиялық көмек штабының жұмысына 40 психолог-студент қосылды. Азаматтар көмекке қайда жүгінуге болатынын білуі үшін олар халық арасында ақпараттық жұмыс жүргізетін болады.

Shares