Тыйым салынған заттарды киім жеңіне тіккен: мамандандырылған ХҚО-ларда 66 теориялық емтихан нәтижесі күшін жойды
1 ай ішінде өңірдегі мамандандырылған ХҚО-ларда 66 теориялық емтихан нәтижесі күшін жойған. Теориялық емтихан тапсыру үшін ЖЖЕ 3.0 жаңа жүйесі енгелі бері тексеріс ережелері күшейді. Нәтижесінде, Шымкентте, Түркістан, Ақтөбе және Алматы облыстарында емтихан тапсыру ережелерін бұзған азаматтардың емтихан нәтижелері күшін жойды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Мамандар емтихан барысында жеке компьютерлерге қашықтықтан қосылуға мүмкіндік беретін микроқұлаққаптарды, HDMI сплиттерді қолданғаны туралы деректерді анықтады. Сонымен қатар, адамдар қолдануға тыйым салынған құрылғыларды киімнің жеңіне тіккен, не электронды құрылғылар орнатылған киіммен кіруге тырысқан.
Мәселен, Шымкент қаласында емтихан тапсырушы үшінші тұлғаның көмегіне жүгінген. Ол жақын орналасқан терезені қағу арқылы дұрыс жауапты білдіртіп отырған. Жүйе емтихан тапсырушының қимыл-қозғалысын, терезеге жиі назар аударатынын анықтаса, аудиожазба терезе тұстан келген дыбыстарды тіркеген. Нәтижесінде, емтихан нәтижелері есептелмей, күшін жойды.
«Жаңа жүйе биыл, 16 қазан күні Қазақстанның аумағындағы 83 емтихан сыныбына енгізілген. Осы аралықта емтиханды сәтті тапсырғаны туралы нәтижелер саны екі есеге азайған. Бұл жүргізуші куәлігін жол жүру ережелерін жақсы меңгерген азаматтардың алып жатқандығын дәлелдейтін көрсеткіш», – деп атап өтті Мемлекеттік Корпорацияның Басқарма Төрағасы орынбасары Шыңғыс Оразалимов.
Ал, емтихан нәтижелері жойылған азаматтар емтиханды қайта тапсыруға тек 3 айдан кейін ғана жазыла алады. Осы орайда, жыл басынан бері бір миллионнан астам жүргізуші куәлігі берілгенін айта кетеміз.