Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Заманауи өнеркәсіптік 3D-принтер Қозыбаев университетінде пайда болды

Заманауи өнеркәсіптік 3D-принтер Қозыбаев университетінде пайда болды

Солтүстік Қазақстан университеті заманауи үлгідегі өнеркәсіптік 3D-принтер сатып алды. Мұндай принтер қазір тек Қозыбаев университетінде және “Қазақстан Ғарыш Сапары” ҰК” АҚ бар, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Принтер сатып алу арқылы М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың “Көлік және машина жасау” кафедрасы ҚР-да перспективалы лазерлік технологиялар трансферті үшін бірегей платформаға айналды.  HBD 350 өнеркәсіптік 3D-принтері авиация, ғарыш өнеркәсібі, машина жасау, мұнай-газ саласы, медицина, металлургия және басқа да салалар үшін селективті лазерлік балқыту әдісімен күрделілігі мен дәлдігі жоғары металл бұйымдарын жасауға мүмкіндік береді.

Бұл жабдықты жеткізуде Top 3D Shop компаниясы серіктес болды. Оның мамандары бір апта бойы ИЦТФ профессорлық-оқытушылық құрамын аддитивті қондырғы мен бағдарламалық жасақтаманы қолдануға үйретті. Нәтижесінде олар сертификаттаудан және емтихан тестілеуінен сәтті өтті. Енді өздері басқа мамандарды, соның ішінде коммерциялық сектор өкілдерін сертификаттай алады.

“Сабақта болашақ инженерлер жаңа жабдықпен танысып үлгерді. Зертханада бакалавриат студенттерінен бөлек, магистранттар мен докторанттар оқитын болады. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін HBD 350 3D-принтерін пайдалану жоспарлануда”, – деп атап өтті университет өкілдері.

Shares