Зардап шеккендер Петропавлдағы эвакопункттерден екі жатақханаға қоныс аударды
Бұл – облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің жатақханасы. 9 қабатты нысан 244 орынға шақталған. Мұнда су тасқынынан зардап шеккен адамдар уақытша қоныстанып жатыр. Аймақ басшысының орынбасары Қанат Дүзелбаев су тасқыны кезінде зардап шеккендермен кездесіп, олардың құқықтарын түсіндірді, кейбір сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Заречный кентінің тұрғыны Раушан Әбдірахманова жұбайымен және үш баласымен бірге үйінен айырылды.
“Қазіргі уақытта біз Жұмысшы кентінде тұрамыз, таныстарымыз кішкентай үй берген еді. Батпақты жер, ылғалдылық сезіледі. Бұл балалардың денсаулығына әсер етіп жатыр. Яғни, оларда температура болып тұрады. Төсек-орын жоқ, матрацтарда ұйықтап жүрміз. Бүгін өтініш беруге келдік, егер бүгін келуге болады десе, бүгін осында көшіп келеміз”, – деді Заречный кентінің тұрғыны Раушан Әбдірахманова.
Ал Жұлдыз Амантайқызы күйеуімен және бес баласымен бірге қызмет көрсету саласы колледжінің жатақханасына алғашқылардың бірі болып келді.
“Мен отбасымызға көмектескендердің барлығына өте ризамын. Жатақхананың жағдайы тамаша, барлығы ескерілген. Бізге ұнайды”, – деді Ойқала шағын ауданының тұрғыны Жұлдыз Амантайқызы.
Топан судан зардап шеккендер уақытша қоныстанған екі жатақханада тәртіп сақталуы тиіс. Ол үшін кезекші полиция қызметкерлері жүр.