Жалпыға бірдей декларациялау: 2024 жылы кімдер декларация тапсыруы тиіс
Қазақстанда 2021 жылы басталған жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңімен көшу жалғасуда. Бұл компания жалпыға бірдей декларациялауды енгізу бойынша 4 кезеңнен өтеді. Ағымдағы жылы кіріс декларациясын ұсыну бойынша міндеттемелер 3-кезеңге қатысушыларда пайда болды: мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары. Бұл туралы СҚО ӨКҚ баспасөз алаңында СҚО МКД басшысының орынбасары Саян Мейрамов баяндады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Баяндамашының сөзінше, жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі мақсаттары: көлеңкелі экономикаға қарсы күрес, бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес болып табылады.
“2024 жылғы 1 қаңтардан бастап активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны беру жөніндегі міндеттемелер үшінші кезеңге қатысушыларда, атап айтқанда кәсіпкерлерде туындайды: заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары. Декларацияларды ұсыну бойынша міндеттеме, егер кәсіпкер немесе заңды тұлға қызметті жүргізбесе де, яғни әрекетсіз немесе қызметін тоқтатқан жағдайда да туындайды”,- деді Саян Мейрамов.
Декларацияны тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейінгі мерзімде тапсыру қажет. Департаментте тұрақты негізде бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді, онда салық төлеушілер 1414 нөмірі бойынша кез келген сұрақтар бойынша жүгіне алады. Түсіндіру жұмыстары басқармасының, сондай-ақ бейіндік басқармалардың мамандары қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша толық кеңес береді.
Қоса кетейік, декларацияда шетелдегі келесі активтер көрсетілуі керек:
- жылжымайтын мүлік, жер учаскелері;
- көлік құралдары, арнайы техника және (немесе) тіркемелер;
- әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, “өзен-теңіз”жүзу кемелері;
- ҚР шегінен тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлесі;
- шетелдік банктердегі банктік шоттардағы ақша барлық банктік салымдар бойынша жиынтығында 1000 АЕК-тен (3 450 000 тг) асатын сомада.
Сондай ақ декларацияда Қазақстанда немесе шетелде мынадай мәліметтерді көрсету қажет:
- тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар;
- бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары;
- сандық активтер;
- инвестициялық алтын;
- зияткерлік меншік, Авторлық құқық объектілері;
- қолма-қол ақша 10 000 АЕК-ке дейін (34 500 000 тг), оның ішінде банк ұяшықтарында;
- жеке тұлғаның нотариалды куәландырылған қарыз шарттары.
Қалауы бойынша құны 1000 АЕК (3 450 000 тг) асатын кез келген мүлікті – мәдени құндылықтарды, зергерлік бұйымдарды, антиквариатты, биологиялық активтерді көрсетуге болады. Бірақ мұндай мүлікті тәуелсіз бағалаушы бағалауы керек.
Декларанттардың ыңғайлылығы үшін декларацияны электронды түрде ұсынудың бірнеше әдісі қарастырылған:
- “Салық төлеушінің кабинетінде” – cabinet.salyk.kz;
- Электрондық үкімет порталында – egov.kz (“Кеден және салықтар” бөлімі);
- Мобильді қосымшаларда-e-Salyq Azamat, eGov mobile, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында.
«Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген – бірінші рет ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 51 750 теңге (15 АЕК) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Декларацияда толық емес, анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін – ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 10 350 теңге мөлшерінде айыппұл (3 АЕК)»,- деп толықтырды Саян Мейрамов.