Жұмысшы кентіндегі отбасының өлімі: үш күдікті қаж-дың тергеу изоляторында отыр
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов Жұмысшы кентінде бүтін бір отбасыны өлтіру жайтына қатысы бар күдіктілер туралы айтты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
СҚО ӨКҚ брифингінде Айдын Қабдұлдинов бұл факт бойынша материалдар ІІМ-де тіркелгенін атап өтті. Оқиғадан кейін барлық жедел-тергеу бөлімшесі іске кірісіпті. Олар күдікті жандарды іздеген.
“Екі сағат ішінде күдікті адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша барлық қажетті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша қылмыстық іс сотқа жіберіледі. Күдікті адамдар бар және олар Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің тергеу изоляторы жағдайында ұсталады”, – деді Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы.
Бұған дейін екі күдіктінің ұсталғаны белгілі болған еді.
Естеріңізге сала кетейік, 28 желтоқсанда Петропавлдағы Жұмысшы кентінде үш адамнан тұратын отбасы – әкесі, шешесі және олардың 17 жасар ұлы кісі қолынан өлген болатын. Полиция бұл фактіні ҚР ҚК 99-бабы 1-тармағының 2-бөлігі “Екі және одан да көп адамды өлтіру” бойынша СДТБТ-да тіркеді.