«Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» акциясы аясында петропавлдықтарға ақ ленталар таратылды
25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында Солтүстік Қазақстан облысының аумағында тәртіп сақшылары «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» республикалық акциясын өткізуде. Ол Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күніне орайластырылған. Іс-шара барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, еріктілер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам белсенділері қала тұрғындарына ақ лента таратты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Акцияның мақсаты — әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау және жолын кесу, ана мен баланы қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттау.
Ақ лента – зорлық-зомбылықпен келіспеушіліктің бір белгісі. Профилактикалық іс-шараға қатысушылар дәл осы ленталарды, сондай-ақ, ақпараттық брошюралар мен сарғыш шарларды Қазақстан Конституциясы көшесінде тұрғындарға таратты. Белсенділер мұны азаматтарды тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен таныстыру, әйелдерді олардың құқықтары туралы хабардар ету, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында ұйымдастырды.
«2024 жылдың 10 айында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 1972 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, олар бойынша 470 тұлға әкімшілік қамауға алынып, 55-іне айыппұл салынып, 248-іне ескерту жасалды. Жыл басынан бері отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған 62 қылмыс тіркелді. Биыл жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы істер бойынша 2178 қорғау нұсқамасы шығарылып, соттар құқық бұзушылардың мінез-құлқына 663 арнайы талап қойды. Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 68 адам Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының уақытша тұру орталығына орналастырылды», – деді СҚО ДП ЖПҚБ аға инспекторы Әсия Әбжанова.
Тәртіп сақшылары сізге немесе сіздің жақындарыңызға зорлық-зомбылық көрсетілсе, мына телефондарға хабарласу керектігін ескертеді: «102» пульті, «111» республикалық сенім телефоны, СҚО ДП ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобына – 8 (7152) 61-25-30, Петропавл қалалық ІІБ – 8 (7152) 49-31-58, сондай-ақ «Әйелдерді қолдау орталығы» ҚҰ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалына – 8 (7152) 46-13-26.