Петропавловск
+21°C
Главная страница » Рубрики » Солтүстіктің мақтанышы » Елге еңбегі сіңген азамат

Елге еңбегі сіңген азамат

5 ноября, 2026 19:15

Жуырда Аққайың ауданының «Колос» газетінде аудандық мәслихат төрағасы Еділ Жәкеновтің Кемеңгер Әмрин туралы мақаласы жарық көрді. Оқып отырып, облысымыздың дамуына сүбелі үлес қосқан, жауапты қызметтерді абыроймен атқарған жерлесіміздің соңғы уақытта көп көрінбей кеткені ойға оралды. Қазақта «Көзден кетсе, көңілден кетеді» деген сөз бар. Алайда Кемеңгер Қожахметұлы – өмірінің басым бөлігін туған жерінде өткізіп, өнегелі істерімен ел есінде қалған азамат. Бүгінде Астанада тұрса да, туған өлкесін ұмытпай, жиі ат ізін салып тұрады. Смирнов ауылындағы мешіт құрылысына демеушілік жасауы – соның бір дәлелі. QZ NEWS тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

Кемеңгер Қожахметұлымен алғаш рет журналистикаға келген 2000 жылдардың ортасында таныстым. Ол кезде облыстық зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың филиалын басқаратын. Елімізде жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі төлемдерді оңтайландыру мақсатында бірыңғай есепке алу орталығы құрылып, халық арасында түсіндіру жұмыстары қызу жүріп жатқан кез. Редакция тапсырмасымен одан бірнеше мәрте сұхбат алдым. Сонда жан баласын жатсынбайтын, ойын ашық айтатын, барды бар, жоқты жоқ дейтін турашыл азамат екеніне көз жеткіздім.

Кемеңгер Қожахметұлы – Солтүстіктің төл перзенті. Бұрынғы Көкшетау, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Рузаев ауылында дүниеге келген. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған соң, еңбек жолын Аққайың ауданындағы Полтавское ауылында бас экономист болып бастады. Кейін Аралағаш кеңшарының директоры қызметін атқарды. Іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Мәскеу ауданының агроөнеркәсіптік бірлестігін басқаруға тағайындалды. Одан кейін Возвышен ауданының әкімі болды. 2000 жылдары Қызылжарға қоныс аударып, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың басшылығына келді. Жалпы еңбек өтілі – 42 жыл. Осы уақыт ішінде небәрі бес рет жұмыс орнын ауыстырған.

Өткен ғасырда Солтүстік өңірлерде қазақ кадрларының, әсіресе басшылық қызметтегі мамандардың үлесі аз болды. Соған қарамастан, білімі мен іскерлігінің арқасында биікке көтерілген азаматтардың бірі – Кемеңгер Әмрин.

– Кемеңгер екеуіміз ауыл шаруашылығы институтында бірге оқыдық. Бір жатақханада тұрдық. Сабақты жақсы оқитын, белсенді студент болды. Спортпен де айналысты, үнемі штанга көтеріп жүретінін көретінбіз. Кейін жұмыс барысында кездесіп тұрдық. Өте сауатты, талапшыл, өз ісіне жан-тәнімен берілетін азамат. Зейнетақы төлеу орталығын он бес жылдай абыроймен басқарып, зейнетке шықты. Ол кезеңнің қиындықтары аз болған жоқ. Шаруашылықтарды тұралатып алмай, табысын арттыру керек еді. Кемеңгер Қожахметұлы осындай күрделі кезеңдерден абыроймен өтті, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.

1997 жылы құрылған зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың облыстық бөлімшесін алғашқы күннен бастап басқару оңай болған жоқ. Петропавл қаласы мен 13 аудандағы бөлімшелердің жұмысын үйлестіру, материалдық базасын нығайту, қызмет сапасын арттыру үлкен жауапкершілікті талап етті.

– Орталық құрылған күннен бастап зейнетке шыққанша Кемеңгер Қожахметұлымен бірге жұмыс істедік. Мен зейнетақы және жәрдемақы рәсімдеу бөлімін басқардым. Ол кісі ұсақ-түйекке дейін мән беріп, жұмыстың барлық бағытын жіті қадағалайтын. Экономист ретінде талдау, сараптау, мониторинг жүргізуді талап ететін. Өте білімді, тәртіпті жақсы көретін басшы болды. Мамандардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлді. Соның арқасында орталықтың жұмысы жүйелі жолға қойылды, – деп еске алады әріптесі Балжан Смағұлова.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, Кемеңгер ағамыздың үш ұлы да әке жолын қуып, мемлекеттік қызметте түрлі жауапты лауазымдарды атқарып келеді.

Тұңғышы Азамат Кемеңгерұлымен 2008 жылы таныстым. Ол кезде Шал ақын ауданы әкімдігінде қызмет атқаратын. Облыстық телеарнаның «Ауыл» бағдарламасын жүргізіп жүргендіктен, аудандарға жиі шығатынмын. Жас болса да, өзіне тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайтын, бастамашыл азамат екені бірден байқалды.

Онымен бірге қызметтес болған Шал ақын ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Ақан Торсанов та әріптесін жылы еске алады.

– Азаматпен 2008 жылдан бастап бірге жұмыс істедік. Көрші тұрдық, балаларымыз да бір сыныпта оқыды. Әкімдікке салық жүйесінен келгендіктен, бюджет кірісін арттыруға ерекше көңіл бөлді. Жылжымайтын мүлікті бағалау, өндірістік нысандарды қалпына келтіру, бос тұрған ғимараттарды есепке алу бағытында жұмыс жүргізілді. Кейін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы ауданда жаңа бизнес субъектілері ашылып, өндірісті дамытуға мүмкіндік туды. Әлеуметтік салада да оң өзгерістер болды. Сергеев су қоймасында алғаш рет қысқы балық аулау жарысын ұйымдастырып, туризмді дамытуға жол аштық. Азаматпен жұмыс істеу қызықты еді: жетістікке шын қуанып, қиындықтан қашпайтын, – дейді Ақан Қабидоллаұлы.

Азамат Кемеңгерұлының аудан дамуына қосқан үлесі аз емес. Оның адамға деген жанашырлығын өзім де бір оқиға кезінде сезіндім. Бірде түсіру тобымыз Айыртау ауданынан келе жатып, Бағанаты ауылының маңында жолда қалды. Қалаға дейін 200 шақырымдай бар. Амалсыздан Азаматқа хабарласып, көмек сұрадым. Ол өтінішімді жерде қалдырмай, жарты сағаттың ішінде көлік жіберіп, бізді қалаға жеткізді. Осындай қарапайым көмектің өзі адамның азаматтық болмысын танытады.

Бүгінде Азамат Кемеңгерұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарады.

Кемеңгер Қожахметұлының ортаншы ұлы Асқар да мемлекеттік қызметте бірқатар жауапты лауазымдарда еңбек етті. Оның қызмет жолында Бас прокуратура аппаратының жетекшісі, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының орынбасары, Астана қаласы әкімінің орынбасары және Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметтері бар.

Ал кенжесі Асланбек – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ол Қазақстанның Білім және ғылым вице-министрі, Парламент Сенаты аппаратының жетекшісі секілді жауапты қызметтерді атқарды.

Осылайша, Кемеңгер Қожахметұлының үш ұлы да әке жолын жалғап, елге қызмет етіп келеді.

«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» дейді халық даналығы. Туған жерінің дамуына үлес қосып, кейінгі буынға өнеге болған Кемеңгер Қожахметұлының өмір жолы – соның айқын көрінісі. Қайда жүрсе де туған өлкесін ұмытпай, ұрпағына адал еңбек пен елге қызмет етудің үлгісін көрсетіп келе жатқан азаматтың өнегесі кейінгі буынға да бағдар болары сөзсіз.

 

 

Shares