Петропавлда су тасқынына қарсы техника көрсетілді
“Көктем-2024” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында Петропавлда су тасқыны кезінде қолданылатын техника таныстырылды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Құтқарушылар батпақты жерде жүретін көліктерді, мотопомпаларды, су өткізбейтін костюмдерді, шатырларды, жүзу құралдарын және т.б. көрсетті.
“2023 жылы республикалық және жергілікті бюджет есебінен 11 бірлік техника сатып алынды, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарының үш жиынтығы алынды. Биыл жергілікті бюджеттен су тасқыны және өзге де төтенше жағдай кезінде қолданылатын техника мен жабдықтарды сатып алуға 430 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Біз облыс орталығында күштер мен құралдарды топтастырудың 8 бағытын әзірледік. Мамандарды “Қазгидромет” РМК филиалының болжамы бойынша алдын ала әрі шұғыл жұмылдыратын боламыз”, – деді СҚО ТЖД бастығы Ерік Сарыбаев.
Техникамен танысуға облыс әкімі Гауез Нұрмұхамбетов қатысты. Ол көктемнің келуіне барлық азаматтық қорғау қызметтері дайын болуы керек екенін атап өтті. Синоптиктердің болжауынша, су тасқыны солтүстік аймаққа наурыздың үшінші онкүндігінің соңында келуі мүмкін.
“Бізде тек облыстық желі бойынша 1000-ға жуық су өткізу құбыры бар, олар Есіл, Айыртау, Ғ. Мүсірепов ауданында шоғырланған. Бұл құбырлар бірінен соң бірі орналасқан”, – деді СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет.
Облыстық және республикалық жол учаскелерінде су өткізу құбырларын ашу жұмысы наурыз айында басталады. Петропавлдың жекелеген аудандарын жер асты сулары басуы мүмкін. Өңір басшысы қала әкімі Серік Мұхамедиевтің назарын облыс орталығында жиналған қарды уақтылы шығаруға аударды.
“Күніне 11-ден 13 мың текше метрге дейін қар шығарылады, сондықтан бұл жұмысты тоқтатуға болмайды, оны күшейту керек. Биыл қар көп”, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Егер облыстық ТЖ департаментінің күштері жеткіліксіз болса, су тасқынын жоюға Астана қаласы, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан құтқарушылар тартылады, деді шара барысында Ерік Сарыбаев.