Тайынша ауданының жұмыс тобы Большая Малышка ауылының тұрғындарына көмектеседі
Қызылжар ауданындағы Большая Малышка ауылына Тайынша ауданынан жұмыс бригадасы келді. Елді мекенде барлығы 10 адам еңбек етеді. Олар өздерімен бірге үш техника алып келді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Тайынша ауданынан келген бригада бұған дейін қаламыздың Ойқала ықшам ауданында тер төкті. Мамандар Петропавлға 3 мамырда келген.
“Тайынша ауданынан 35 адамнан тұратын 5 мехбригада келді. Ойқалада Урицкий көшесінен Демиденко көшесіне дейінгі аумақты тазаладық. 6 үйде жөндеу жұмыстары басталды. Мамандардың бір тобы жұмысты аяқтайды, қалғандары су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Большая Малышка ауылына келді. Қазіргі уақытта көшелерді тазалап жатырмыз”, – деді Тайынша ауданы әкімінің орынбасары Азамат Сабыров.
Арнайы бригада мамандарының негізгі міндеті – су тасқыны салдарын өз бетінше жоя алмайтын зейнеткерлерге, мүгедектерге және басқа да азаматтарға көмек көрсету. Жалпы, Большая Малышка ауылында 367 үйге су кірді. Алдын ала мәліметтер бойынша оның 200-і қалпына келтіріледі.