СҚО-да «Бір ауыл – бір өнім» жобасының төрт жеңімпазы анықталды
Петропавлда өңірлік бренд-комитеттің отырысы өтті, онда «Бір ауыл – бір өнім» жобасының төрт жеңімпазы таңдалды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Жобаны «Атамекен» ҰКП мен оның өңірлік палаталары «Мен кәсіпкер» құралы аясында іске асыруда. Ол жергілікті шикізаттан өнім әзірлеуге және оны көпшілікке танытуға бағытталған және кем дегенде бір бәсекеге қабілетті өнім жергілікті өндірісті дамыту тұжырымдамасына негізделген. Оның негізгі мақсаты – жергілікті өнімнің сапасын арттыру, жергілікті брендтерді шығару, маркетинг және нарықтағы өнімнің құндылығын арттыру.
“Биыл БАБӨ жобасына қатысуға 24 кәсіпкер өтініш берді. Олар 29 тамызда Петропавлда өткен көрме-жәрмеңкеде өз өнімдерін ұсынды. Көрме қорытындысы бойынша байқаудың келесі кезеңіне 10 финалист өтті, олар өз жобаларын өңірлік бренд-комитеттің алдында қорғауға тиіс болды. Кеше біз оның отырысын өткіздік, онда 7 финалист өз өнімін ұсынды, себебі онның үшеуі жүздесуге келмеді”, – деп атап өтті СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин.
Қазылар алқасына құрт, ара шаруашылығы өнімдері, кір сабын, жүн өнімдері, ешкі сүтінен жасалған өнімдер, тосап және джем және консерві өнімдері ұсынылды.
Бренд-комитеттің шешімімен төрт жеңімпаз анықталды:
1. Береке ЖК – Жарасбаева Гүлстан Қаменовна (кір сабын);
2. Досходжаев ЖК – Досходжаев Алишерходжа Кувандыкович (құрт);
3. Аружан ЖК – Омарова Аружан Абзалқызы (тосап, джем);
4. Тамаша 2050 ЖШС – Карабанова Светлана Валерьевна (ешкі сүтінен жасалған өнім).
“Жеңімпаздарды таңдау кезінде ең алдымен өнімді немесе тауарларды әзірлеу барысында кәсіпкерлердің тек жергілікті шикізат пен қол еңбегін пайдалануына баса назар аударылды. Сондай-ақ өнім дизайнының ерекшелігі, оның орамасы, тауардың өңірлік ерекшеліктері және оның тұтастай алғанда ішкі және сыртқы нарықтарға шығу әлеуеті бағаланды. Сондай-ақ, өндірушінің өзінің дайындығы – оның өткізу нарығының, тәжірибесінің және мамандар командасының болуы, оның тұрақтылығы және т.б. есепке алынды”, – деп атап өтті Есжан Оразалин.
Енді жоба жеңімпаздарына өз өнімдерін (тауарларын) одан әрі таныту, брендтеу, сертификаттау және экспортқа шығару бойынша маркетологтар көмектесетін болады.