ЕЛ ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕГІ

Ерке Есілді бойлай Қызылжардан Жезқазғанға жол тартсаңыз, Солтүстік Қазақстан облысының аумағында жол бойында орналасқан Бірлік деген атауы бар екі ауылдың үстінен өтесіз. Бірі Есіл ауданына, екіншісі Шал ақын ауданына қарайды. Алғашқысын ел ішінде – Ырсай Бірлік немесе төменгі, екіншісін Түшке немесе жоғарғы Бірлік дейді. Оның төменгі жоғарғы, төменгі аталуы Есілдің бойындағы орналасу ретіне байланысты болса, Ырсай, Түшке деуі ежелден қоныстанған рулардың атамекеніне байланысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Жоғарғысында Арғын Атығайдың Бәйімбетінен тарайтын ұрпағы отыр. Оның ішінде дені Тоқа-Түшкенің балалары болғандықтан, үлкендер ауылды атаның атымен, яғни Түшке деп атап кеткен. Бұрындары ерке Есілдің екі бетін кезек мекен қылып, көшіп- қонып жүрген. Тек бір мың тоғыз жүз жиырма тоғызыншы жылы артель құрып, отырықшылыққа бет тұрған. Араға жеті жыл салып, ТОЗ(товарищество по обработке земли) құрылып, ірге бекіткен. Алғашында ауыл екі бригадаға бөлінгесін, көшелері сәйкесінше, бірінші және екінші деп аталып кеткен екен.
Менің балалық шағым өткен жер осы Бірлік ауылы. Күре жолдың бойында, қырда қайыңы мен терегі, қарағашы мен шілігі араласа өсіп, жасыл жапырағымен көмкеріп тұр. Ойда да, қырда да көл көп. Еркелей аққан Есіл көзкөрім жерде керіле ағып жатыр. Ауылдың ішінен ғана үш бұлақ ирелеңдей ағып, сарықамысқа сіңіп кетеді. Осындай сұлу табиғаттың бауырында өскен адамның әсемдікке құштар болатынының сыры өзі туған, балалық бал дәурені өткен жеріне байланысты шығар.
Бала кезімізде ауыл адамдарының бәрі мейірімді келетін, әлде маған солай көрінді ме, кім білсін, әйтеуір сағынышпен еске алатыным да содан шығар. Сол ауылдастарымның ішінде әсіресе Бәтен тәтем ерекше жақсы көретін. Мені көрген жерде: «кішкентай Мәлік», деп құшақтап,маңдайымнан иіскеуші еді. Құрт-кәмпитін де қыстырып кететін. Ол кісі Дәуренбек ағамыздың әйелі, Мәлік сол кісінің үлкен ұлы, ата жағынан бізге туыс та емес, бірақ, соған қарамастан әлгіндей айналып -толғанып жататын. Оның мәнісін, бертін, әкем айтқасын ғана түсіндім. Енді, әкем Сәбиттің естелігіне кезек берейік.
Мүмкін алтыда, мүмкін бестемін… Апам біркиерін киініп, тап-тұйнақтай болыптұрған еді, кререует үстінде қаққан қазықтай болып отырған әжем Мұсатай:
Рабиға, ана Ғалия мен Зәмитті( мен солай атайтын) ала бар, көрсін Қали құда Ғалияның сүйенері бар екенін…
Қали атаның үйінде бізді шат-шадыман қуана қарсы алғансылти басқан әжей:
-Жиендер келді, аталарыңа сәлем беріңдер- деп жік-жаппар болып жүр.
Қара сақалды, денелі ата Ғалияны айналып-толғанып, кеудесіне басты. Саумаликем, деп қол берген мені, Қали ата:
-Міне, жігіт болыпты ғой, — деп кекілімнен сипап, арқамнан қақты.
Жиылған жұрт дастарханға бас қойғанда екі қалтама түрлі кәмпит толтырып шыққан мен Дулат, Дәстен, Мінайдарлармен әп-сәтте достасып(кәмпиттің күші ғой тегі), шапқылап орта бұлақтың басына бірақ тарттық. Сол күні туған егіз қозыны бізге байлады. Нағашы жұртпен осылай тәп-тәтті табыстым.
Папам жылқышы, көмекшілері Абылай аға мен Зәми әкем. Екеуі әкемді шебер Қалидың күйеу баласы деп, қағытады да жүреді. Неге бұлай десем, апам күледі кеп.
Қазақта «балалығыңды аңсасаң нағашы жұртыңа бар», деген сөз бар. Түшкенің Таңатарынан тараған Қали, Нұрым, Есенберген аталарымның ұрпақтары көрген жерде мені жиен деп, дәрежемді бір көтеріп тастайды, — деді әкем.
Менің бала кезімде елде жиі айтылатын есімдердің бірі Құдайберген Қалиев еді. Онысы түсінікті де, қазақтың қанында бар әдет емес пе, өздерінің мықты жерлестерін мақтан тұтып, абыройы асқан ағайынын әпеттеп отырады. Мен ес білген кезде Құдайберген ағамыз облыс әкімінің орынбасары қызметінде еді. Бұған дейін бірнеше ауданды басқарып, өңіріміздің өркендеуіне үлес қосып, беделді тұлғаға айналған. Біздің солтүстіктің адамдары негізінен салқындау келеді. Туыс деп елпілдеуі, ағайын деп жалпаңдауы өте сирек. Ағам деп қомпаңдап жүргені болмаса, сырттай тілеулестік танытқанымен аса жақындаса қоймайды. Біз де солардың біріміз. Құдайберген ағамен алғаш рет Қазақстан ұлттық телеарнасында еңбек етіп жүрген кезде таныстық. Ол кезде мемлекеттік қызметті қойып, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының» өңірлік филиалына басшылық етіп жүрген кез еді. Сұқбат алуға кеңсесіне келіп, амандасқан соң, қазақы жолмен сөз бастады:
— Қазақ түсі игіден түңілме деген, өзің иманжүзді бала екенсің, елің қай жақ?
Мен туған жерім Бірлік екенін, Далаудың немересі болатынымды айтып едім, ағам орнынан атып тұрып, құшақтап бауырына басты. Сөйтіп, әкемнің нағашысымен алғаш осылай танысқанмын. Бүгінде Қызылжар өңірінің аузы дуалы абыз ақсақалына айналған, Құдайберген Қалиұлының өмір жолы әсте даңғыл юболған емес. Қазақ халқының өз жерінде азшылықта болып, қызметте өсу жағынан талай теперішті көргені жасырын емес. Қолынан іс келетін, мұзжарғыш кемедей алған бағытынан қайтпайтын дәті беріктер ғана биіктен көрінетінін, өз еңбегімен дәлелдеді. Бүгінгінің тілімен айтар болсақ «өзін өзі жасаған адам». Яғни, қиындықтарға мойымай, ынтасы мен ақыл-парасатының арқасында ат төбеліндей ғана ауылдың қарадомалағы бүгінде елге тұтқа болар азаматқа айналды. Ал осы белеске қалай жетті, Құдайберген ағаның жетістікке жетуінің сыры неде? Оны өзім сұқбаттасқан болған сәттерде тапқан сияқтымын.
Екі мың он төртінші жылы жасаған бағдарламада Құдайберген Қалиұлы:
— Мектепте оқып жүргеннен бастап жұмысқа араластық. Демалысқа шықсақ болды, басқарушылар келеді де тұрады, шабындыққа апарып өгіздің басына мінесің, тырнауышқа мінесің, одан қалды жүгері шабамыз. Мектепті бітіргесін институтқа түстік, одан келгесін Тимирязев ауданындағы бір бөлімшеге агроном болып бардым. Одан парторг болдым, кейін кеңшарда директор болдым. Жиырма жыл директор болдым, одан кейін ауданға басшылық еттім. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі тірлігің өзіңнің қолыңда. Еңбегің мен ақылың екі жақтап екі жақтап өрге сүйрейді. Басшы болғаннан кейін жұрт саған қарап отырады. Ерте тұрып, кеш жатып, жұмысқа беріліп істесең ғана,соңыңнан ереді, ал өзің жалқау болса, басшы ретінде абыройың да болмайды. Өзіңе де, қарамағыңдағыларға да қатал талап қоя білген басшы ғана сыйлы болады. Өзім де болашағымды ойладым, қазақ қызмет қолдың кірі дейді, ертең кетемін, бетім ашық, жүзім жарқын болсын, ертең кездескен адамнан ұялмайын деген қағиданы ұстандым. Бүгіндері тәубе, осы ұстанымымның жемісін көріп отырмын, -деген болатын.
Иә, қарап отырсаңыз, Құдайберген ағамыз алдына қойған мақсатына жетті. Табандылығының, еңбекқорлығының жемісін бір кісідей татып отыр. Өз ісімен үлгі-өнеге бола білді. Түсінген адамға осыдан артық бақыт бар ма?
