Петропавловск
+21°C
Главная страница » Рубрики » Солтүстіктің мақтанышы » Талайды тамсандырған Таңат

Талайды тамсандырған Таңат

9 ноября, 2026 13:43

Бұлақ – әулиелі ауыл. Топырағы құнарлы, қойнауы қазынаға толы бұл өлке – талай тарихи тұлғаның табаны тиген қасиетті мекен. Бір кездері мұнда Ақан сері ән салып, Үкілі Ыбырай серілік құрған. Осындай өнердің ізі қалған жерде мақаламыздың кейіпкері Таңат Бейсенбаев та дүниеге келіп, өсті. Арқа ақындары мен жырауларының дәстүрін жалғаған өнерпаздардың бірі – Таңаттың әкесінің ағасы Қойшыбай Бейсенбаев еді. Зор дауысымен ауыл-аймақты жырға бөлеген талантты әнші сұрапыл соғыстан оралмады. Әулетке дарыған әншілік өнер де сол кісімен бірге кеткендей көрінген. Алайда тағдырдың өз сыйы бар екен. Ол сый күтпеген жерден, ауылға алыстан келген өнерпаз арқылы жетті. QZ NEWS тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қытайдан Мәскеуге барған өнерпаздардың бірі Сыдық Мұсақожаұлы Төкебаев белгісіз себептермен абақтыға қамалып, кейін Қазақстанға жіберіледі. Солтүстік Қазақстан өңіріндегі Бұлақ ауылына тұрақтаған ол соғыс ардагері Ошыбай Бейсенбаевтың үйіне пәтерге орналасады. Қолында Қытай паспорты ғана бар Сыдыққа үш жыл бойы ауылдан шығуға рұқсат берілмейді. Кеңшарда дәнекерлеуші болып жұмыс істегенімен, өнерден қол үзбейді.

Бір күні кешкісін ол бала Таңатты домбыра әкелуге жұмсайды. Көршілердің үйінен тауып алған аспапты қолына алған Сыдық алғашында саусақтарын икемге келтіре алмайды. Қара жұмыстан күстенген қолы да домбыраға көнбегендей. Бірақ көп ұзамай саусақтары пернелерді қуалап, оң қолы да қағысқа түседі. Күй шертіп, көңілі босап отырған сәтінде босағада үнсіз тұрған Таңатты байқайды.

– Домбыра тартасың ба? – Жоқ. – Ән айтасың ба? – Жоқ. – Қой, алдама. Қане, бір әннің шумағын қайтала.

Бала әнді бірден қағып алады. Әуеннің ырғағын айнытпай жеткізгеніне таңғалған Сыдық: 

– Өй, сен өзің әнші болайын деп тұр екенсің ғой! – деп қуанады.

Осылайша Таңаттың өнер жолына алғашқы баспалдақ қаланды. Сыдық Мұсақожаұлы халық әндерін, Алтай қазақтарының әуезді әндерін орындап, ауыл жастарының басын қосты. Әнші-бишілер ансамблін құрып, өнерге бейімі бар балаларды баулыды. Таңат та ұстазынан көп нәрсе үйренді. Алғашында мектеп концерттерінде ән салса, кейін аудандық, облыстық байқауларға қатыса бастады. 1967 жылы облыстық мектепаралық байқауда бас бәйгені жеңіп алды. Сыйлыққа берілген пианино пионерлер ұйымына табысталғанымен, жас әнші үшін бұл үлкен жеңістің бастауы еді. Тіпті «Қазақ радиосына» шақырылып, дауысы жазылды.

Мектепті бітірген соң Таңат Алматыға аттанып, консерваторияға түсуге талпынды. Алайда музыкалық сауатының жеткіліксіздігі кедергі болды. Цирк училищесіне қарасты әншілер бөлімінен де кешігіп қалғаны үшін қайтарылды. Әскерден оралған соң арманынан бас тартпай, Қызылжарда өткен іріктеуге қатысты. Бірақ бұл жолы да жолы болмады. Сонда да алған бетінен қайтпай, Алматыға қайта келді.

Училищедегі емтихан кезінде домбырамен халық әнін орындаған Таңаттың өнерін Лаки Кесоглу жоғары бағалап, эстрада әншілерінің сыныбына қабылдағысы келеді. Сол сәтте әйгілі Ғарифолла Құрманғалиев: 

– Әй, Лаки, басқаларын ала берсеңші өзіңе. Мына баланың дауысы нағыз халық әндерін шырқайтын дауыс екен. Мен аламын өз сыныбыма! – деп кесіп айтады.

Осылайша Таңат армандаған оқу орнына түсіп қана қоймай, қазақ ән өнерінің көрнекті өкілі Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті атанады.

Оқу жылдары да қызықты естеліктерге толы болды. Халық әндерінен сабақ беретін тағы бір атақты ұстаз – Жүсіпбек Елебеков екен. Екі ұстаздың кабинеттері қатар орналасқан. Жүсіпбек ағамыз Таңатты көрген сайын әзілдеп: «Сатқындар!» деп есігін тарс жабады екен. Мұның себебі де бар. Таңат пен өзінен бұрын оқыған Қапаш Арқаның тумасы болғандықтан, ән айту мәнері мен домбыра қағысы Ғарифолла ағайдың батыстық ән мектебінен өзгеше еді. Алғашқы ұстазына өкпелегендей көрінген Жүсіпбек Елебековтің бұл сөзі шын мәнінде жарасымды әзіл болатын.

Оқу орнын тәмамдаған соң Таңат Алматы филармониясына әнші болып қабылданды. Алайда туған жерден шақырту түсіп, облыстық филармония жанынан қазақ труппасын ашу туралы ұсыныс жасалғанда, елге оралуды жөн көрді. Уәде етілген жағдайлар орындалмаған соң туған ауылы Бұлаққа көшіп, Мәдениет үйіне жұмысқа орналасты.

Көп ұзамай-ақ ауылдағы көркемөнерпаздар үйірмесін жандандырып, өнерпаздардың басын қосты. Сауыншы, механизатор, малшы, мұғалімдердің бәрі жұмыстан кейін сахнаға асығатын. Бұлақ ауылының өнерпаздары облыстық байқауларда жүлдесіз қалмай, талай концерттің көркін қыздырды. Кеңшар да қолдау көрсетіп, сахналық киімдер мен музыкалық аспаптар алып берді.

Таңаттың бастамасымен ауыл өнерпаздары көрші елді мекендерге де концерт қоюға шығатын. Бірде кешкі сауыннан кейін автобусқа киім-кешектерін тиеп, Дәуқара ауылына барады. Клубта небәрі екі-үш жігіт отырғанын көрген өнерпаздар оларға: – Концерт көргілерің келсе, ауылдастарыңды жинаңдар. Біз әртіспіз! – дейді.

Көп ұзамай клуб лық толып, концерт басталады. Көрермендер өнерпаздарды жібермей, арнайы дастарқан жайып, таң атқанша ән мен жырға бөленеді. Ұйқысыз түннен кейін әркім өз жұмысына кеткен. Өнерге деген сүйіспеншілік пен ауыл адамдарының ынтасы осындай еді.

Таңат Ошыбайұлы өңірлік сахнамен шектелмей, республикалық байқаулар мен мәдени шараларға да қатысып, облыс намысын қорғады. Сексенінші жылдардың соңында Алматыда өткен айтыс ақындары мен жыршыларының байқауына облыстан барған тоғыз өнерпаздың бірі болды. Алғашқы қарсыластары Атырау облысының өкілдері еді. Сол кездегі халық санына қатысты уәждерін алға тартқан қарсыластар солтүстік өңірдің өнерпаздарымен сайысқа түсуден бас тартады. Дау Мәдениет министрлігіне дейін жетіп, ұйымдастырушы Жүрсін Ерманның араласуымен ғана байқау жалғасады. Намысқа тырысқан жерлестеріміз ақыры қарсыластарын жеңіп шығады.

Әр заманның өз жүйрігі бар. Таңат Бейсенбаев та өнер жолында талай белесті бағындырып, туған өлкесінің мәдени өміріне өлшеусіз үлес қосты. Ол бір ғана әнші емес, ауыл өнерінің өрісін кеңейткен ұйымдастырушы, жас таланттардың жолын ашқан ұстаз болды.

Бүгінде зейнет демалысында болса да, қара домбырасын қолынан тастаған жоқ. Өнерге арнаған ғұмыры, тәрбиелеген шәкірттері мен ел жадында қалған әндері – оның өмірлік еңбегінің жемісі. Талайды тамсандырған Таңаттың өнердегі ізі осылайша жалғасын тауып келеді.

 

Shares