Қазақстанда қызылшаның өршуіне байланысты карантин жариялануы мүмкін бе?
Елімізде қызылшамен сырқаттанушылық өссе де, қандай да бір шектеулер енгізілмейді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі КТК-ға сілтеме жасап.
Соңғы күндері елімізде аталған ауруға қарсы екпе алушылардың саны артты. Айдың басымен салыстырсақ, олардың саны ондаған есеге өсті, дейді эпидемиологтар.
Ахуал көңіл көншітпейді. Дегенмен, елде инфекцияға байланысты ауқымды шектеулер әлі енгізілмейді. Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады. Олар мұны аурудың вакцинамен басқарылатындығымен түсіндірді. Яғни, иммундаудан басқа қосымша шаралар қажет емес. Алайда, белгілі бір жағдайларда жекелеген ұйымдар (мысалы, балабақшалар мен мектептер) карантинге жабылуы мүмкін.
“Егер қандай да бір ұжымда сырқаттанушылықтың жоғары өсуі тіркелсе немесе вакциналанбаған балалардың саны рұқсат етілген шекті деңгейден асып түссе, онда осы ұйым бойынша нақты шаралар қолданамыз”, — деді ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова.
Осы уақытта кейбір қазақстандықтар балабақшалар денсаулық сақтау министрлігінің қаулысына сүйене отырып, балаларын қабылдамайды деп шағымдануда. Белгілі болғандай, мектепке дейінгі ұйымдарда вакцинацияланбаған балалардың болуын шектейтін құжат үш жылдан бері бар. Денсаулық сақтау министрлігі жаңа бұйрық шығарған жоқ.
“Бізде ол құжат халық денсаулығы туралы кодексін іске асыру үшін 2020 жылы қабылданды. Қолданыстағы бұйрыққа сүйенсек, эпидемияға қарсы вакцинацияланбағандардың 10% балабақшаға келуге рұқсат етіледі. Тек осы ғана, бізде басқа бұйрықтар жоқ”,- деп нақтылады ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Нұрқан Олжабаев.
Айту керек, балабақшалар мен мектептердегі вакцинацияланбаған балалардың санын шектейтін қаулы қазіргі қызылшаға қарсы вакцинацияларға ғана емес, сонымен қатар басқа да ауруларға қатысты болып отыр. Иммундаудан бас тарту жаңа жұқтыруларды тудыруы мүмкін.
“Бүгінгі таңда кез-келген вакцинамен басқарылатын инфекция — көкжөтел, гепатит және дифтерия, мүгедектікке айналуы мүмкін полиомиелит. Бұлардың таралу қаупі жоғары”, – деді Зауре Ахметова.
Эпидемиологтардың айтуынша, тек жаппай және уақтылы иммундау басқа аурулардың алдын алады. Ескерер жайт, шенеуніктер мен медицина қызметкерлері адамдарды вакцинациялауға мәжбүрлей алмайды. Алайда, қызылша бүкіл елге таралғаннан кейін балаларын вакцинациялауды жөн көрген адамдардың саны артқан. Осыған қарағанда, адамдар мәселенің өзектілігін түсінді. Егер қызылшаға қарсы вакцинациялау науқанының басында күніне 500-600 адам вакцинация алса, қазір бір күндегі олардың саны орта есеппен 12 мыңға жеткен.
Бұған дейін Алматының инфекциялық емдеу орындары қызылшамен ауырған балалармен толғаны хабарланған болатын. Астанада да балалар стационары шамадан тыс науқас қабылдауда. Абай облысында барлық медициналық ұйымдарда карантин енгізілді. Ал 6 қарашада Атырау стационарларында қызылша инфекциясының көбеюіне байланысты орын жетіспейтіні хабарланды.
Осы уақытта денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың елдегі қызылша жағдайының өзуіне себепші деп отыр. Ведомствоның мәліметінше, 1,3 мыңнан астам қазақстандық әр апта сайын қызылша жұқтырады.