Ауыл шаруашылығы министрлігі СҚО-ға астық кептіру үшін қосымша отын бөледі
Үкіметте Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен күзгі-дала жұмыстары мәселелері жөніндегі жеделштабтың екінші отырысында егін жинау науқаны бойынша жағдай талқыланды, деп хабарлайды QZ News тілшісі АШМ сілтеме жасай отыра.
Алты облыстың – Ақмола, Қостанай, Қарағанды, ШҚО, СҚО және Павлодар фермерлері кептіру агрегаттары үшін қосымша 67,7 мың тонна дизель отынын және 21,5 мың тонна сұйытылған газды бөлуге 495 өтінім берді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов атап өткендей, өңірлерде барлығы 1 301 астық кептіру агрегаты бар, оның ішінде дизель отынымен 1 043 (80%), сұйытылған газбен – 258 (20%) жұмыс істейді.
Вице-премьер Серік Жұманғарин Энергетика министрлігіне астықты кептіру үшін өңірлерді дизель отынымен және сұйытылған газбен қамтамасыз етуді тапсырды.
“Жедел штабта біз барлық туындайтын жедел мәселелер бойынша жинақтап, олардың проблемаға айналмауы үшін шешім табуымыз керек. Біздің бүгінгі міндетіміз – егін жинау үшін барлық қажеттімен фермерлерді қамтамасыз ету. Сонымен қатар экспорт мәселелерін шешу”,- деді ҚР Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин.