СҚО әкімі көктемгі дала жұмыстарының дайындық барысы туралы Үкімет отырысында есеп берді
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Үкімет отырысында өңірдегі көктемгі дала жұмыстары мен вегетациялық кезеңнің өтуі туралы баяндады, деп хабарлайды QZ News.
Оның айтуынша, биыл СҚО-да ауыл шаруашылығы дақылдары 4,4 млн гектарға егіледі. Оның ішінде: дәнді дақылдар – 3,3 млн га, майлы дақылдар – 760 мың га, малазықтық дақылдар – 392 мың га, картоп – 6,5 мың га, көкөніс – 1,3 мың га. Диверсификация аясында майлы дақылдар алқабы 85 мың гектарға ұлғайтылады.
Бүгінгі таңда 274,5 мың тонна тыңайтқышқа келісімшарт жасалып, бұл жоспардың 82,3%-ын құрайды. 470 мың тонна сапалы тұқым бар, 52,6 мың тонна элиталық тұқым сатып алынды. Сорт жаңарту көрсеткіші – 11,2%. 254 теңге/литр бағасымен 52,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.
«12,3 мың бірлік техника жұмылдырылатын болады, олардың дайындығы – 100%. Ерте қаржыландырудың арқасында диқандар егіс жұмыстарына алдын ала дайындалды. «Кең Дала 1 және 2» бағдарламалары аясында 70 млрд теңге қаржыландырылды. Өткен жылғы қарыздар бойынша берешек жоқ. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 11,2 млрд теңге қаржы бөлінді, форвардтық сатып алуға 7,4 млрд теңге бағытталды», — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Өңір басшысы көктем басында қар жамылғысының ерте еріп, топырақта температураның тұрақты сақталуы бұршақ және майлы дақылдарды ерте себуге қолайлы жағдай жасағанын да атап өтті. Егіс жұмыстары сәуірдің соңында басталып, бұл агротехникалық тұрғыдан оңтайлы мерзімге сәйкес келеді.