Есіл ауданының тұрғыны полицияға қару тапсырғаны үшін ақшалай сыйақы алады

Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының полиция бөліміне 58 жастағы жергілікті тұрғын жүгінді. Ол егістік алқаптарын аралау кезінде ТОЗ-8 маркалы мылтық тауып алғанын және оны ерікті түрде тапсыруға шешім қабылдағанын хабарлаған, деп хабарлайды QZ News.
Қазіргі таңда қару сараптамаға жіберілді. Бағалау нәтижесінен кейін азаматқа ақшалай сыйақы төленеді. Полиция қызметкерлері заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салады.
Алайда бұл мүмкіндікті барлық тұрғындар пайдалана қойған жоқ.
Мәселен, рейдтік іс-шаралар барысында полицейлер Toyota көлігін тоқтатып, тексеру жүргізген. Рөлде 50 жастағы ер адам отырған. Көліктің жүк салғышынан тіркелмеген ИЖ-16 маркалы тегіс ұңғылы мылтық, сондай-ақ ТОЗ-БМ мылтығына тиесілі ұңғы мен басқа да бөлшектер табылған.

Тағы бір жағдай ауданның елді мекендерінің бірінде тіркелді. 44 жастағы ауыл тұрғынынан полиция тіркелмеген VALTRO газды тапаншасын тәркіледі. Сараптама нәтижесі қарудың 9 мм калибрлі оқпен атуға жарамды екенін көрсетті. Екі азаматқа қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материалдар жиналды.
