Петропавловск
+21°C
Главная страница » Біздің халық » Жауынгерлер ерлігі-ұрпақ жадында: Жеңіс сарбазы Нұрпейіс Зікірин – Сталинградтан Прагаға дейін

Жауынгерлер ерлігі-ұрпақ жадында: Жеңіс сарбазы Нұрпейіс Зікірин – Сталинградтан Прагаға дейін

May 12, 2025 16:03

«Жауынгерлер ерлігі-ұрпақ жадында» айдарында біз Ұлы Отан соғысының ауыр сынақтарынан өткен жерлестеріміздің ерлікке толы тағдырларын еске аламыз. Бүгінгі әңгімеміз – Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Нұрпейіс Зікірин туралы. Оның өмір жолы – ерлік, табандылық пен парызға адалдықтың жарқын үлгісі. Батыр жайлы естеліктерімен Нұрпейіс Зікіриннің немерелері бөлісті.

«Нұрпейіс Зікірин 1922 жылдың 26 тамызында Солтүстік Қазақстанда дүниеге келген. 1942 жылдың қаңтарында, ел үшін ең ауыр шақта, ол Солтүстік Қазақстан облысының Октябрь аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, Ақмолаға жөнелтіледі. Мұнда атқыштар дивизиясы жасақталып жатқан болатын.

Оның майдандағы жолы бірден алғы шептен басталған жоқ. Ақмоладан ол алыс Бухараға жіберіліп, онда елдің алтын қорын қарақшылардан қорғау және құнды жүкті Челябіге жеткізу секілді жауапты тапсырманы орындады. Алайда көп ұзамай майданға аттанған жас сарбаз 64-армия құрамындағы 29-атқыштар дивизиясының 106-атқыштар полкіне қабылданды.

Нұрпейіс Зікірин қанды Сталинград шайқасында ерлікпен шайқасып, жаудың тынымсыз отына төтеп беріп, қайсарлық танытты. 1942 жылдың жазында кіші сержант Зікірин ауыр жарақат алып, Энгельс қаласындағы госпитальге жеткізілді. Жазылып шыққан соң, сол жылдың қыркүйегінде ол майданға қайта оралып, жауға қарсы күресін жалғастырды.

Нұрпейіс Зікіриннің жауынгерлік жолы ұзақ әрі ауыр болды. Ол Сталинградты қорғауға, Курск шайқасына, Солтүстік Донец, Днепр және Оңтүстік Буг өзендерін кесіп өтуге қатысты. Украина, Молдова, Румыния, Венгрия мен Чехословакияны азат ету операцияларына да белсене қатысты.

Жеңісті кіші лейтенант Зікірин 1945 жылдың мамырында Прага маңында қарсы алды. Ол 72-ші гвардиялық атқыштар Қызылжалау Красноград дивизиясының 222-ші гвардиялық атқыштар полкі құрамында болатын.

1945 жылдың жазында Нұрпейіс Зікірин Германияның Мюльхаузен қаласындағы Бухенвальд концлагерінің бөлімшесінен босатылған тұтқындарға арналған фильтрациялық лагерьде әскери қызметін жалғастырды. 1946 жылы елге демобилизацияланып, туған жеріне оралды. Ол көптеген марапаттармен елге оралды.

Көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Нұрпейіс Зікірин II дәрежелі Отан соғысы орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Будапештті алғаны үшін», «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және басқа да көптеген наградалармен марапатталды. Ерекше әсерлі оқиғалардың бірі – 1965 жылы, Жеңістен 20 жыл өткен соң, Украиналық қаруласының бастамасымен Қызыл Жұлдыз орденін алуы. Соғыс кезінде Нұрпейіс оның өмірін құтқарып қалған екен. Бұл оқиға майданда қалыптасқан адамгершілік пен жауынгерлік бауырластықтың айқын дәлелі.

Нұрпейіс Зікірин өмірін абыроймен өткізіп, 1981 жылдың 18 қаңтарында дүниеден өтті. Оның ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталады.

Shares