СҚО аграрийлеріне көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін қанша жеңілдетілген дизель отыны бөлінді
2025 жылы облыс бойынша тұқым жаңарту көлемі 11,2%-ға немесе 52,6 мың тоннаға артпақ. Бұл туралы СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоққожинов РКҚ брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды QZ News.
2024 жылы егіс жұмыстарына 470 мың тонна тұқым дайындалды, оның 100%-ы тексерістен өтті. Облыс аумағында 41 аттестатталған тұқым шаруашылығы субъектісі бар, оның ішінде 25-і тұқым шаруашылығы (элиталық, 1-, 2-, 3-репродукция тұқымдары) және 16-сы тұқым өткізетін аттестатталған субъектілер.
Сонымен қатар, спикер ауыл шаруашылығы техникасының егіс науқанына дайындығы туралы да айтып өтті.
«Облыс аумағында 219 машина-трактор шеберханасы бар, барлығы штаттық режимде жұмыс істеуде. Биыл аграрийлер 12,1 млрд теңгеге 365 техника бірлігін сатып алды (оның ішінде КАФ арқылы лизингке 111 бірлік техника – 7,4 млрд теңге). 2024 жылы барлығы 68,9 млрд теңгеге 2998 бірлік техника сатып алынған. Көктемгі егіс науқанының барлық кезеңіне облыс шаруаларына 58 мың тонна дизель отыны қажет. Соның ішінде мемлекет тарапынан 52,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді, литрі 254 теңгеден», – деді Дәурен Тоққожинов.
Сондай-ақ, 2025 жылдың қазіргі кезеңінде «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің қаржы институттары және «СПК «Солтүстік» АҚ арқылы 61,0 млрд теңгеге 413 өтінім қаржыландырылғаны атап өтілді.
«Биыл өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 36,8 млрд теңге бөлінді. Алайда қазіргі таңда 29,3 млрд теңге көлемінде қарыз бар, оның ішінде 6,5 млрд теңгесі өсімдік шаруашылығы бойынша», – деп атап өтті спикер.