«Жоспар орындалуы керек»: Ғауез Нұрмұхамбетов егіс науқаны алдында аудан әкімдері мен диқандарға жүгінді
Әкімдік отырысында Солтүстік Қазақстан облысының көктемгі дала жұмыстарына дайындығы талқыланды. Бұл істе қолайлы ауа-райы, сондай-ақ топырақтың ылғалмен қамтамасыз етілуі үлкен маңызға ие, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
«Есептік деректерге назар аудардық. СҚО-да көктемгі дала жұмыстарының басында өнімді ылғалдың оңтайлы-қанағаттанарлық қоры негізінен мына аудандарда болады: М.Жұмабаев, Тимирязев, Жамбыл, Есіл, Қызылжар, Аққайың ауданы. Қолайлы жағдайлар: Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Айыртау. Қанағаттанарлық жағдай: Тайынша, Уәлиханов, Мамлют аудандарында. Ал Ақжар ауданында қанағаттанарлықсыз ылғалдандыру жағдайы күтілуде», – деді «Қазгидромет» РМК СҚР бойынша директоры Қымбат Мерғалымова.
Биылғы жылы облыста дәнді дақылдар 3 миллион гектардан астам алқапқа егілсе, майлы дақылдар – 751 мың гектар, азықтық дақылдар 379 мың гектарға себіледі. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қарақұмық пен картоп алқаптары ұлғайтылады. Жоспарлар аудандарға жеткізілді, бірақ олардың орындалмай қалу қаупі бар.
«Қарақұмық алқабының тиісті жоспардан азаюы мына аудандарда байқалады: Есіл, Қызылжар, Мамлют, Ғ.Мүсірепов, Тайынша, Тимирязев, Уәлиханов және Шал ақын. Майлы дақылдар бойынша: Қызылжар, Мамлют, Ғ.Мүсірепов. Ұйымдасқан шаруашылықтарда картоп бойынша: Айыртау, Есіл, Жамбыл, Мамлют, Ғ.Мүсірепов, Тимирязев, Уәлиханов және Шал ақын», – дейді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.
Сондай-ақ, өңірдің бас аграномы Жамбыл және Ақжар аудандары минералды тыңайтқыштарды сатып алу бойынша жеткізушілермен келісім-шарт жасауға асықпай отырғанын айтты. Олар 256,6 мың тонна көлемінде тыңайтқыш алуы тиіс.
«Бұл көрсеткіштердің барлығын аудандармен келістік. Содан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігімен келістік. Сосын егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруды ескере отырып, әр гектарға қаржы ресурстары белгіленді. Бүгінгі таңдағы әртараптандырудан ортақ мақсат пайда болуда, демек, осыдан азық-түлік өнімдері мен азық-түлік қоры бойынша ұлттық жобалар әзірленеді. Жоспар орындалуы керек», — деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.
СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов те сөз алды. Ол мемлекет басшысының экономиканы 6 пайызға көтеру туралы тапсырмасы барын айтты.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі мұны барлық облысты, соның ішінде жоғары өнімді егінді ескере отырып болжады. Айтайын дегенім, СҚО бойынша жалпы өнімнің құны 1,2 трлн құрауы тиіс. Ешқандай проблема жоқ, құрылым ретке келтірілген. Оны шаруа қожалықтарына жеткізіп, азаматтармен пысықтау керек», – деді СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.
Биылғы көктемгі дала жұмыстарына өңірде 13 мыңға жуық түрлі модификациядағы трактор, 14 мың дән сепкіш, 1,5 мың заманауи егіс кешені жұмылдырылады.