“Адамдарға жай ғана көмектескім келді”: петропавлдық кәсіпкер су тасқынынан зардап шеккендерге жүк көлігін ұсынды
Жергілікті “MSJ Trans logistics” ЖШС басшысы Сергей Макаров су тасқыны кезінде аянып қалмады, ол көмек сұрағандардың бәріне көмектесті. Кәсіпкер су тасқыны кезінде және оған дейін зардап шеккендерге көмектесу үшін жүк көлігін ұсынған, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Мен қиын шақта Алматыда болдым, бір сәтте көлік керек деген хабарландыруды көрдім, әкімдікпен байланысып, көмек ұсындым. Адамдарға су келгенге дейін жиһаздарын шығару керек болды, бұл істе көлік қажет, осыны біліп, көмектесе бастадық. Мұнымен іс аяқталмады, жағдай күрделене түсті”, – деді “MSJ Trans Logistics” ЖШС басшысы Сергей Макаров.
Кәсіпкер еріктілермен үнемі байланыста болды, белсенді жандармен ақылдасып, көлікті қайда жедел жіберу керектігін шешті.
“Су басқан аудандардан көп жануар шығарылды. Гуманитарлық жүктерді “Радуга” қоймасына жеткіздік. Бескөл ауылына да бардық, дүкеннен тауарларды шығаруға көмектестік. Төсек-орындарды зардап шеккендерге арналған эвакуациялық пункттерге апардық. Үш Газель қатынады, жүк көліктерін де пайдаландық, ауыз су және басқа да тауарлар тасымалданды. Ол кезде бізге көңіл бөлінеді, алғыс айтылады деп ойламадық, тек адамдарға көмектескіміз келді”, – деді Сергей Макаров.
Қоса кетейік, Қала күніне орай “MSJ Trans logistics” ЖШС басшысы су тасқыны кезінде азаматтарға көмек көрсеткені үшін өңір басшысының қолынан марапат алды.