Евгений Макаренко: «Энергетика – тірі ағза секілді: оның ырғағын үнемі сезіп тұрасың»
Евгений Макаренко бала кезінен энергетика саласына жақын болды: бүкіл өмірін Петропавл ЖЭО-2-де еңбек етуге арнаған әкесі оны өзімен бірге жұмысқа апарып, жабдықтарды көрсетіп, жылу мен жарықтың қалай өндірілетінін түсіндіретін. Бұл әсерлер мамандық таңдауда алғашқы қадам болды. Евгенийдің еңбек жолы, жұмысы мен армандары жайлы «Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметі бөлісті, деп хабарлайды QZ News.
Евгений құрылыс мамандығын алғанымен, тағдыр оны станцияға қайта алып келді. Ол еңбек жолын слесарь болып бастап, біртіндеп турбина цехының машинисі мамандығын меңгеріп, бүгінде күрделі процестерді сенімді басқарып отыр.
«Энергетика – бұл тірі ағза секілді: сен оның ырғағын үнемі сезіп тұрасың. Әр ауысым – бұл жабдық жұмысына бақылау жасау, ал ол – жүздеген параметр: қысым, температура, жүктеме. Сонымен қатар станцияның жылу сызбасындағы ауыстырып-қосуларды, турбоустановкаларды басқару, жабдықтарды іске қосу мен тоқтатуды қамтиды. Жүйе ақаусыз жұмыс істеуі үшін барлығын мұқият бақылау керек», – дейді Евгений.
Қазіргі энергетика саласы үнемі дамуда, сондықтан турбина машинисі мамандығы үздіксіз оқуды қажет етеді.
«Турбина машинисі – тұрақтылықты, командалық жұмысты бағалайтын және дамуға дайын адамдарға арналған мамандық. Ең бастысы – жаңашылдықтан қорықпау. Технологиялар өзгеруде, кәсіби деңгейде қалу үшін заманмен бірге жүру қажет», – дейді Евгений.
Евгений кәсіби тұрғыда өсуге ұмтылады – алдағы жоспары аға машинист лауазымына көтерілу. Ал бос уақытында белсенді демалысты ұнатады: шаңғымен, велосипедпен серуендейді немесе балық аулауға барады. Табиғаттың тыныштығы жаңа ауысымға күш-қуат пен шабыт береді.