Петропавловск
+21°C
Главная страница » Мәдениет » Кино мен ғылым «Ботай» брендін әлемдік аренада таныту үшін бірікті

Кино мен ғылым «Ботай» брендін әлемдік аренада таныту үшін бірікті

February 25, 2026 15:00

Солтүстік Қазақстан облысы аумағында «Ботай» археологиялық ескерткішін маңызды ғылыми әрі туристік нысан ретінде ілгерілету жұмыстары жалғасуда. Жоба өңірдің тарихи-мәдени мұрасының бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар ішкі және халықаралық туризмді дамытудың перспективалы бағыты ретінде қарастырылып отыр, деп хабарлайды QZ News.

Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының алқа отырысында 2025 жылы өткен III Халықаралық симпозиум және «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» ғылыми-тәжірибелік конференциясы аталып өтті. Аталған жиын археологтарды, тарихшыларды және көне өркениеттерді зерттеушілерді біріктірді.
Қатысушылар ботай мәдениетінің зерттеу нәтижелерін, ескерткішті сақтау және одан әрі зерделеу мәселелерін, сондай-ақ оның әлемдік тарихтағы маңызын талқылады. Естеріңізге сала кетейік, шамамен алты мың жыл бұрын дәл Солтүстік Қазақстан аумағында жаһандық маңызы бар оқиға – жылқы қолға үйретілген.

Облыс орталығында «Ботай» ескерткішіне арналған монумент орнатылып, ол өлкенің көне тарихының символына және тұрғындар мен қонақтар үшін жаңа тартымды орынға айналды.

Сонымен қатар «Ботай. Жоғалған әлемдер» атты көркем шытырман оқиғалы фильмін түсіру жұмыстары жүргізілуде. Жоба «OY – PRODUCTION» режиссерлік командасымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Кинокартина ботай мәдениетінің маңызын кең аудиторияға танымал форматта жеткізіп, Солтүстік Қазақстанның тарихи мұрасына деген қызығушылықты арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Маңызды кезеңдердің бірі – ескерткішті ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасының алдын ала тізіміне енгізуге қажетті материалдарды дайындау.

“ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізуге дайындық аясында археологиялық база модуліне 140 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ Мәдениет министрлігі тарапынан биыл археологиялық ескерткішті музейлендіру жұмыстары – ботай мәдениетінің тұрғын үйлерін реконструкциялау және тақырыптық арт-беседкалар орнату жоспарланып отыр”,-деп атап өтті СҚО Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірисов.

Shares