Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Петропавлда Kozybayev University студенттеріне арналған ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Петропавлда Kozybayev University студенттеріне арналған ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

November 23, 2026 14:32

Қозыбаев университетінің қабырғасында студенттік орта мен экономиканың нақты секторын байланыстырған ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Бір алаңда 250-ден астам болашақ түлек пен өңірдің 22 жетекші жұмыс берушісі бас қосты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Залдағы ахуал іскерлік форумды еске салды: жалықтыратын дәрістердің орнына еркін пікір алмасу, еңбек жағдайларымен танысу және алғашқы әңгімелесулер өтті. Солтүстік Қазақстан облысында жас кадрларға деген сұраныс өте жоғары, өйткені биылғы оқу жылында оқу орнын 1900-ден астам студент тәмамдайды. Жиынның ашылуында Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Айгүл Нұрпейісова атап өткендей, былтырғы 1594 түлектің 750-ден астамы облыс кәсіпорындарында тұрақты жұмысқа орналасқан.

Бизнес өкілдері де дарынды жастарды диплом қорғамай тұрып-ақ өз қатарларына тартуға мүдделі екенін жеткізді.

«Мұндай іс-шаралар болашақ мамандармен еш кедергісіз тікелей байланыс орнатуға көмектеседі. Түлектер үшін бұл өз қабілетін танытудың тамаша мүмкіндігі болса, біз үшін ынталы кадрларды тауып, олардың табысты еңбек жолын бастауына серпін беру», — деді «КазахМедИмпорт» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Станислав Таратуто.

Жұмыс іздеушілерге ұсынылған таңдау аясы кең — жәрмеңкеде техникалық, заңгерлік, экономикалық және агрономиялық бағыттар бойынша 2000-ға жуық бос жұмыс орны таныстырылды. Ұсыныстар саны бойынша ішкі істер органдары көш бастады — олар 400-ден астам адамды қызметке қабылдауға дайын. Мемлекеттік қызметте бағын сынағысы келетіндерге де мол мүмкіндік туды: Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті 200-ге жуық бос орын ұсынса, Мемлекеттік кірістер департаменті Петропавл қаласы мен облыс аудандарында мансап құру жолдарын таныстырды.

Инженерлер мен жұмысшы мамандарға зәру өңірдің өнеркәсіп алпауыттары мен энергетиктері де шет қалмады: «Петропавл жылу желілері» ЖШС — 70, Петропавл ЖЭО-2 — 60 қызметкер іздесе, «СҚ ЭТК» (СКРЭК) 10-нан астам инженер, шебер және электр монтерін қабылдауға әзір. Өңір зауыттарына келсек, «ПетроМашЗавод» ЖШС 11 бос орын жарияласа, «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ мен «Мұнаймаш» АҚ инженерлік-техникалық бағыттағы мамандарға 10 орыннан ұсынды.

Сонымен қатар Еуразиялық банк, «Эдванс» ЖШС бухгалтерлік компаниясы, «Қызылжар Ақпарат» ЖШС медиахолдингі, Жастар ресурстық орталығы, сондай-ақ «Максимальный размах» және «GreenPark» кәсіпорындары өз командаларын жас мамандармен толықтыруға ниетті.
Түлектердің ерекше қызығушылығын Петропавл қаласының Мансап орталығының стенді тудырды. Орталық мамандары өңір бойынша 1219 өзекті бос жұмыс орны жинақталған базаны ұсынды.

Shares