СҚО-да сауда орындарындағы отандық тауарлардың 30 пайыздық үлесін сақтау бақылауға алынады

Отандық өнімдер белгілі бір санаттағы сауда нысандарының сауда алаңы мен сөрелеріндегі орынның кемінде 30 пайызын иеленуі тиіс. Петропавлда өткен жиында сауда желілеріне қойылатын жаңа талаптар, сондай-ақ өңір дүкендерінде қазақстандық өнімдердің үлесін арттыру мүмкіндіктері талқыланды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Отандық кәсіпорындардың өнімдерін ілгерілету мәселесі азық-түлік, күнделікті тұтыну тауарлары мен сұранысқа ие өзге де өнімдерді шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейтін Солтүстік Қазақстан облысы үшін ерекше маңызға ие. Алайда олардың көпшілігі үшін ірі сауда желілерінің сөрелерінен орын алу әлі де жеткізілім көлемі, баға мен өткізу шарттарын келісуге байланысты.
Жергілікті өндірушілерді қолдау тетіктерінің бірі – Ішкі сауда қағидаларына енгізілген жаңа талаптар. Оларды СҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғалымжан Ильясов түсіндірді. Өзгерістер Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2026 жылғы 14 тамыздағы №235-НҚ бұйрығымен енгізілген.
Жаңа нормаларға сәйкес, бірінші–төртінші санаттағы сауда нысандарында сауда алаңының және (немесе) сөре кеңістігінің кемінде 30 пайызы Қазақстанда өндірілген тауарларға бөлінуі керек. Бұл үлес дүкен бойынша жалпы көлемде ғана емес, әрбір тауар санаты мен кіші санатында да сақталуға тиіс.
Өнімдерді орналастыруға қатысты да талаптар қарастырылған. Отандық тауарлар қойылған сөрелерде «Қазақстанда жасалған» деген жазу болуы қажет. Ал өнімдердің өзі сатып алушыларға барынша көрінетін әрі қолжетімді орындарға қойылуы тиіс. Осындай қағида электронды саудада да қолданылмақ. Яғни сауда платформаларындағы іздеу нәтижелерінде отандық өнімдерге басымдық беріледі.
Жиынға төрағалық еткен СҚО әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев нарыққа қатысушылардың өзара іс-қимылын жолға қою қажеттігіне назар аударды. Оның айтуынша, жаңа ережелер жай ғана формалды талап болып қалмай, сауда ұйымдары мен қазақстандық кәсіпорындар арасында тұрақты ынтымақтастық орнатуға ықпал етуі керек.
«Біздің міндетіміз – отандық өнімдердің дүкен сөрелерінде жай ғана тұруын емес, сатып алушылардың назарында болуын қамтамасыз ету. Ол үшін сауда желілері мен өндірушілер тікелей байланыс орнатып, тауар ассортименті мен жеткізу көлемін келісуі қажет», – деді Қанат Дүзелбаев.
Талқылауға сауда желілерінің, көтерме жеткізушілер мен жергілікті өндірушілердің өкілдері қатысты. Кездесуде қазақстандық тауарлардың ассортиментін кеңейту, жеткізілімдердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және өңір кәсіпорындарының өнімдеріне қосымша сауда орындарын бөлу мәселелері көтерілді. Өйткені сапалы тауардың өзі көп өнімнің арасынан көзге түспесе, тұтынушысын табуы қиын.
Кездесу қорытындысы бойынша сауда желілеріне тауар ассортиментіне түгендеу жүргізіп, отандық өнімдердің белгіленген 30 пайыздық үлесінің сақталуын тексеру тапсырылды. Ал өндірушілер сауда ұйымдарына тауар атаулары, бағалары мен жеткізуге болатын көлемдері көрсетілген өтінімдер жолдауы қажет. Көтерме жеткізушілер қазақстандық өнімдердің тізімін жасап, қолжетімді көлемі мен жеткізу мерзімдері туралы ақпарат ұсынуы тиіс.
Сондай-ақ жауапты қызметкерлердің байланыс деректері мен ақпарат алмасуды тұрақты жолға қоюға ерекше назар аударылды. Сауда желілері өз қажеттіліктерін кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктерімен салыстырып, қазақстандық тауарларды электронды сауда алаңдары арқылы одан әрі ілгерілету жолдарын пысықтауы керек.
