Қазан айында Петропавлда драма театрлардың ауқымды фестивалі өтеді
9 қазанда Солтүстік Қазақстан облысында отандық драма театрлардың ауқымды фестивалі өтеді. Соңғы рет облысымызда мұндай шара осыдан 21 жыл бұрын өткен болатын. 2023 жылы фестиваль көрнекті қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Қазан айында Петропавлға Қазақстанның 10 үздік театры мен 250-ден астам өнерпазы келіп, қала тұрғындары мен қонақтарын өз қойылымдарымен қуантады. Барлық спектаклдерге кіру тегін болады және оны кез-келген адам тамашалай алады. Шара С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры мен Н.Погодина атындағы орыс драма театрында өтеді.
«Спектакльдердің барлығы дерлік мемлекеттік тілде өтетінін есте сақтаңыздар. Бірақ мемлекеттік тілді білмейтіндер үшін аударма болады. Сондықтан біздің көрермен мемлекеттік тілді білмесе де, келіп тамаша спектаклдерді тамашалай алады. Аударма беріледі, бұл бағытта еш қиындық болмауы керек», – дейді мәдениет, тілдерді дамыту және архив іс басқармасының басшысы Досбол Әбдірейісов.
Фестивальді 9 қазан күні Түркістан музыкалық драма театры «Мағжан» қойылымымен ашады. Басталуы сағат 19:00-ге жоспарланған. Одан әрі апта бойы басқа қалалардың өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салады. Барлық қойылымдардың егжей-тегжейлі кестесі кейін мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының сайттарында жарияланады. Айтпақшы, біздің солтүстікқазақстандық театрлар жүлделі орындар үшін таласпайды.