Петропавловск
+21°C
Главная страница » Әлем жаңалықтары » 100-ден астам адам қаза тапты, 11 адам ұсталды: “Крокус холлдағы” теракт жайлы не білеміз

100-ден астам адам қаза тапты, 11 адам ұсталды: “Крокус холлдағы” теракт жайлы не білеміз

22 наурыз күні кешке лаңкестер Мәскеу маңындағы Crocus City Hall концерт залына кіріп, ойран салды. Атыс пен өрт салдарынан 115 адам қаза тапты. Тергеушілер бұл оқиғаны террорлық шабуыл ретінде қабылдады. Әлемнің көптеген елдері болған оқиғаға байланысты көңіл айтуда, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі “Фонтанка” басылымына сілтеме жасап.

Көптеген куәгердің айтуынша, белгісіз адамдар “Пикник” тобының концерті басталар алдында хол мен залдың өзінде оқ атқан. Тергеу комитетінің мәліметінше, шабуылдаушылар Калашников автоматтарымен қаруланған және өздерімен бірге көптеген оқ-дәрі және қару-жарақ болған.

Тергеу комитетінің мәліметінше, лаңкестер концерт залын өртеу үшін “тез жанғыш сұйықтықты” қолданған. Атыс туралы хабарламалардан кейін кешендегі түтін мен жарылыс туралы ақпарат пайда болды. Бас көтерген өртке “аса күрделі” деген дәреже берілді. Ғимараттың үштен бірі отқа оранды. Сөндіруге авиация тартылды. Тікұшақтардан шамамен 160 тонна су құйылды – олар таңғы алтыға дейін жұмыс істеді. Құрылымның шатыры өртеніп, шамамен толықтай құлады.

ФҚҚ директоры Александр Бортников президент Владимир Путинге 11 адам, оның ішінде “Крокус холлдағы” шабуылға тікелей қатысқан 4 террорист ұсталғанын баяндады. Арнайы қызметтердің хабарлауынша, содырлар Ресей-Украина шекарасынан өтуді жоспарлаған.

23 наурыз күні таңертең депутат Александр Хинштейн Брянск облысында екі террористтің ұсталғаны туралы жазды. Қалғандарын іздеу жалғасуда.

Күдіктілер мінген Renault көлігі түнде Брянск облысындағы Хацунь ауылының маңынан табылғаны белгілі болды. Көліктен “ПМ” тапаншасы, “АКМ” автоматына арналған оқ салғыш және Тәжікстан азаматтарының паспорттары табылды. Ал бұған дейін Душанбе Тәжікстан азаматтарының “Крокустағы” терактіге қатыстылығын фейк деп жариялаған еді.

“Көлік полицейлердің бұйрығы бойынша тоқтамады және жасырынуға тырысты. Қудалау кезінде атыс болып, көлік аударылды. Бір террорист орнында ұсталды, қалғандары орманда жасырынды. Іздеу нәтижесінде шамамен 3:50-де екінші күдікті табылып, ұсталды”, – деді Александр Хинштейн.

АҚШ-тың жетекші БАҚ Ресей Федерациясында тыйым салынған ИГИЛ* ұйымы террорлық шабуыл үшін жауапкершілікті өз мойнына алды деп, – хабарлайды Reuters, The New York Times.

ТК-нің ресми мәліметтері бойынша, шабуылда 115 адам қаза тапты, бірақ марқұмдардың саны артуы мүмкін, үйінділерді қопару жұмысы жалғасуда. Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко ауруханаға жатқызылған 115 адам туралы хабарлады, оның ішінде 5 бала бар. Зардап шеккен 60 адамның жағдайы ауыр деп бағаланады. Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Татьяна Голикова пациенттер жүгінуді жалғастырып жатқанын, сондықтан Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы атаған көрсеткіш өсетінін атап өтті.

Мәскеу облысының Денсаулық сақтау министрлігі қайтыс болғандардың тізімін жариялады, онда 41 адам бар.

Мәскеу мен облыс билігі шабуыл кезінде зардап шеккендерге 500 мыңнан 3 миллион рубльге дейін өтемақы төлеу үшін күш біріктіреді, деді Мәскеу мэрі Сергей Собянин. Қаза тапқандардың отбасыларына 3 миллион рубль бөлінеді.

Ауруханаға түскен науқастар 1 миллион рубль алады. Амбулаториялық емделгендерге 500 мың рубль төленеді, деп хабарлады Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьев.

ТК шабуылға қатысты қылмыстық іс қозғады. Мәскеуде, Мәскеу облысында, Санкт-Петербургте және Ресей Федерациясының басқа да аймақтарында барлық бұқаралық шаралар тоқтатылды.

РФ президенті Владимир Путин ФҚҚ директоры Александр Бортниковтан, РФ Ішкі істер министрі Владимир Колокольцевтен, ТК төрағасы Александр Бастрыкиннен және Росгвардия директоры Виктор Золотовтан террористік актіні тергеу барысы туралы баяндама тыңдады.

 

 

 

 

Shares