Еліміздің солтүстігіне көшкен қанша қазақстандық төлем алды
2023 жылы 8,9 мың қазақстандық елдің солтүстігіне қоныс аудару туралы шешім қабылдады. Олар көшу үшін мемлекеттен 70 АЕК, сондай-ақ басқа да қолдау шараларын алды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі NUR.KZ. компаниясына сілтеме жасап.
Қазақстанда “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасы жұмыс істейді. Оның шеңберінде азаматтар жұмыс күші тапшылығы сезілетін өңірлерге, жұмыс күші басым жерлерден – яғни елдің оңтүстігінен солтүстігіне көше алады. Мысалы, жұмыс күші басым аймақтарға Жетісу, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Маңғыстау облыстары, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалалары жатады. Ал еңбек күші аз өңірлерге – Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, сондай-ақ Ұлытау және Абай облыстары жатады.
Жоба шеңберінде жұмыс күші басым аймақтардан еңбек күші тапшылығы сезілетін өңірлерге көшіп жатқан қазақстандықтарға мемлекеттен қаржылай қолдау көрсетілді. Естеріңізге сала кетейік, ақшаны тек отбасылар ғана емес, жалғызбасты азаматтар да ала алады.
Жалпы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2023 жылы ұлттық жоба аясында еліміздің еңбек күші тапшы өңірлеріне 8 903 адам – 6 492 қоныс аударушы және 2 337 қандас өз еркімен көшіп келген. Олардың барлығына мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.
Ұлттық жоба аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:
- көшуге арналған субсидия –отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде біржолғы көмек;
- отбасы мүшелерінің саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;
- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу;
- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
- экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру – тұрғын үй құнының 50%, бірақ 2024 жылы көрсеткіш 1 160 АЕК немесе 4 282 720 теңгеден аспайды.
Көшу кезінде субсидиялардан басқа, қазақстандықтарға бизнесті жүргізу үшін қаржылық көмек көрсетілуі мүмкін. Табысты бастау үшін сома шамамен 1,5 млн теңгеге жетуі ықтимал, бұл ретте ақша өтеусіз беріледі.
Ведомствоның хабарлауынша, былтыр барлық қоныс аударғандардың ішінде 4 158 адам еңбекке жарамды, оның 3 079-ы тұрақты жұмысқа орналастырылған, 164 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысса, 35 адам бизнес ашу үшін гранттар алды.