Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Президент Әкімшілігінің бұрынғы басшысы Олжас Бектенов Қазақстанның Премьер-Министрі болып тағайындалды

Президент Әкімшілігінің бұрынғы басшысы Олжас Бектенов Қазақстанның Премьер-Министрі болып тағайындалды

Қазақстанның жаңа Үкіметін Президент Әкімшілігінің бұрынғы басшысы Олжас Бектенов басқарады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Бүгін Amanat басқарушы партиясы оның кандидатурасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсынды. Мемлекет басшысы Бектеновтың кандидатурасын Парламенттің басқа партиялық фракцияларымен талқылады.

“Жаңа экономикалық даму жағдайына бейім болып, кез келген қауіп-қатерлерге төтеп беру үшін Үкіметтің өзі де толық қайта жандануға дайын болуы тиіс. Соның арқасында өзекті мәселелерге жаңа көзқараспен қарап, барлық реформаторлық шешімдер қабылдау мүмкін болмақ. Жалпы Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет деп ойлаймын. Бүкіл қоғамның күтіп отырғаны осы. Сол себепті кеше мен Премьер-Министр Әлихан Асханұлы Смайыловтың отставкасы туралы өтінішін қабылдадым. Министр Әлихан Асханұлының басшылығымен Үкімет ел экономикасында және әлеуметтік салада тұрақтылықты қамтамасыз етті. Қарқынды дамуға қажетті маңызды қадамдар жасады”, – деді Президент Мәжілістің жалпы отырысында.

Мәжілісмендер Бектеновтың кандидатурасына дауыс берді. Қолдағандар саны 69 депутат болды, ал 7 депутат қалыс қалды. Пленарлық отырыстан кейін Президент Жарлыққа қол қойды.

Олжас Бектенов 2023 жылдың 3 сәуірінде Президент Аппаратының Басшысы болып тағайындалды.

Олжас Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген.

2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын үздік бітірген, мамандығы «Заңгер».

2002-2005 жылдары Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы.

2005-2006 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы.

2006-2009 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде жұмыс істеді.

2009-2012 жылдары ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары.

2012-2014 жылдары ҚР Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратында департамент бастығы.

2015-2016 жылдары Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысы Хатшылығының меңгерушісі.

2016-2017 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы.

2017-2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары.

2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары.

2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары.

2022 жылдың 25 ақпанынан бастап Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметін атқарды.

Ал 2023 жылғы 3 сәуірде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болды.

ІІ дәрежелі «Айбын» және «Даңқ» ордендерімен наградталған.

 

 

 

Shares