Қауіпті процедуралар: Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға үндеу жасады
Қазақстанда бірқатар заңбұзушылықтардан кейін – лицензиясыз жұмыс істеу, білікті мамандардың болмауы және дәрілік заттарды сақтау талаптарының сақталмауы – процедуралық кабинеттерге бақылау күшейтілуде. Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға медициналық қызмет алмас бұрын клиникаларды мұқият тексеруге кеңес берді, деп хабарлайды QZ News Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
2024 жылдың басынан 2025 жылдың бірінші тоқсанына дейін Қазақстанда процедуралық медициналық қызмет көрсету барысында көптеген заңбұзушылықтар тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне азаматтардан жеті шағым түскен. Әрбір шағым бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде келесі заңбұзушылықтар анықталған:
– 4 жағдайда лицензиясыз медициналық қызмет көрсетілген;
– 3 жағдайда қызметтер біліксіз персоналмен көрсетілген;
– 2 жағдайда дәрілік препараттарды сақтау ережелері бұзылған.
Тексеру қорытындысы бойынша комитеттің аумақтық бөлімшелері әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы бір миллион теңгеден асты.
Жамбыл облысында адам өлімімен аяқталған жағдайлар тіркеліп, бұл өңірде жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Ведомствоның мәліметінше, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сақтау шарттарын өрескел бұзушылықтар анықталған.
«Аталған жағдайлар бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Бір процедуралық кабинет өз жұмысын тоқтатты», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Жамбыл облысының аумағында 107 процедуралық кабинет жұмыс істейді, бірақ олардың тек 42-сі ғана алғашқы медициналық көмек көрсетуге ресми лицензияға ие.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жоспардан тыс тексерулер азаматтардан ресми өтініштер, мемлекеттік органдардың сұраныстары немесе құқық қорғау құрылымдарының тапсырмалары болған жағдайда ғана жүргізіледі.
Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға процедуралық қызметтер алу кезінде сақтық шараларын ұстануға шақырады:
– медициналық ұйымның лицензиясының болуын тексеру;
– персоналдың біліктілігін нақтылау;
– дәрігердің бақылауынсыз үй жағдайында процедуралар жүргізуге жол бермеу.
«Азаматтарды денсаулық мәселесіне жауапкершілікпен қарауға және анықталған заңбұзушылықтар туралы уәкілетті органдарға хабарлауға шақырамыз», – деп толықтырды министрлік.