Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин не туралы сөз қозғады?
Бүгін Ресей Федерациясы Президенті Қазақстанға ресми сапарымен келді. Таңертең елорда әуежайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді жеке қарсы алды. Ақорда резиденциясында салтанатты кездесу рәсімі өтті, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Президенттер Қостанай қаласындағы Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс режимінде қатысты. Содан кейін олар шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Мемлекет басшылары елдерімізді берік достық пен тату көршілік қарым-қатынастар байланыстыратынын атап өтті. Владимир Путин ертеңнің арғы күні 10 жыл болатын Ресей мен Қазақстан арасындағы тату көршілік пен одақтастық туралы шарт көп қырлы достық қарым-қатынастарды дамытудың берік іргетасы болғанын айтты.
«Екі елдің даму жолдарын өз бетінше әрі дербес таңдауы қос тарапқа кедергі келтірмейді, керісінше, бұл тең құқылы және өзара тиімді әріптестіктің пайдалы жағын еселей түседі. Мұны Қазақстанда да, Ресейде де жақсы түсінеді. Ғасырлар бойы бір-бірімен қоңсылас өмір сүрген ата-бабаларымыз достық, сенім мен тату көршілік қарым-қатынастың мызғымас құндылықтарын бізге аманат етті. Біз бұл құндылықтарды сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек», – деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөздер барысында мемлекет басшылары стратегиялық әріптестікті нығайтуға екі жақта да күш салынатындығын айтты.
«Ресей мен Қазақстан – жай ғана емес, ең жақын одақтастар. Мұндай қарым-қатынас ұзақ жылдар бойы қалыптасты. Халықтарымыздың игілігіне қалтқысыз қызмет ететін байланыстарымызды нығайту дәстүрін жалғастырып отырғаны үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтқым келеді», – деп қосты Владимир Путин.
Тараптар сондай-ақ мұнай-газ өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, көлік және логистика, денсаулық сақтау және мәдени-гуманитарлық байланыстар сияқты салалардағы өзара іс-қимылдың негізгі аспектілерін талқылады. Қазақстан мен Ресей басшылары халықаралық жағдайдың қазіргі ахуалы мен даму перспективалары туралы пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздерден кейін мынадай құжаттарға қол қойды:
- Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына он жыл толуына орай Қазақстан Республикасының Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі;
- Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 2024-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары.
Сондай-ақ Ресей Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында келесі құжаттарға қол қойылды:
- Қазақстан Республикасында «Көкшетау», «Семей» және «Өскемен» жылу электр орталықтарын салу жобалары бойынша Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған Дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары;
- Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы кеден қызметтері өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ресей Федерациясы Федералдық кеден қызметінің 2024-2025 жылдарға арналған өзара іс-қимылы бойынша іс-шаралардың бірлескен жоспары;
- Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті мен Ресей Федерациясы Федералдық еңбек және жұмыспен қамту қызметі арасындағы еңбек инспекциясы мәселелері бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» мен «Информационное телеграфное агентство России» (ИТАР-ТАСС) Федералды мемлекеттік унитарлық кәсіпорны арасындағы ақпараттық серіктестік туралы келісім.