Қазақстанда әйелдердің жұмыс уақытын қысқарту ұсынылып отыр
Скандинавия елдерінің тәжірибесіне назар аудара отырып, әйелдер үшін қысқартылған жұмыс күнін енгізу, сондай-ақ бала күтімі бойынша ақылы демалысты екі жылға дейін ұзарту – Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден осындай ұсыныспен премьер-министр Олжас Бектеновке жүгінді, – деп хабарлайды QZ News тілшісі Tengrinews.kz ИБ сілтеме жасай отыра.
Ол өзінің депутаттық сауалында соңғы жылдары Қазақстанда әйелдер көшбасшылығы саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталған бірқатар реформалар жүргізілгенін баса айтты.
“Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппаратта әйелдердің өкілдік етуіндегі теңгерімсіздікке назар аударды, сонымен қатар “Ауыл” партиясы бастамаларының арқасында бұл мәселе оңды бетбұрыс алды. Тек соңғы жарты жылда аудан әкімдері орнындағы әйелдер саны 8 пайызға артып, әйелдердің басшылық қызметке өтуге белсене кіріскені байқалды. Алайда, атқарылған шараларға қарамастан, бұл шаралардың нәтижесі сандық көрсеткіш деңгейінде қалып отыр және бізге жүйелі өзгерістер қажет”, – деді Әбден.
Депутат Үкіметке әйелдер көшбасшылығын дамытуға ықпал ететін бірқатар ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, Қарақат әбден ақылы декреттік демалысты екі жылға дейін ұзартуды, сондай-ақ Скандинавия елдерінің тәжірибесіне назар аудара отырып, әйелдер үшін қысқартылған жұмыс күнін енгізуді қарастыруды ұсынды.
“Бұл отбасы институтын нығайтуға ықпал етеді, жұмыс істейтін әйелдер бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөле алады”, – деді ол.