Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » ҚР-да алдағы жазда кәсіпкерлерге қатысты заңда өзгеріс орын алады

ҚР-да алдағы жазда кәсіпкерлерге қатысты заңда өзгеріс орын алады

2024 жылғы 6 сәуірде Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 08 маусымда күшіне енетін “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” №71-VIII ҚРЗ Заңға қол қойды. Ол ағымдағы жылдың 8 маусымында күшіне енеді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Заң бизнес субъектісіне қатысты мемлекеттік бақылау және қадағалау нысандарын ретке келтіруге, бизнесті жүргізу жағдайларын жақсартуға бағытталған. Атап айтқанда, салалық заңдар деңгейінде жедел ден қою шараларын қолдану, тергеу жүргізу тетіктері, бақылау субъектісіне бармай және барып профилактикалық бақылауды қолдану тәртібі айқындалған.

«Көрсетілген заңға сәйкес “Мемлекеттік статистика туралы” Қазақстан Республикасының заңына, атап айтқанда “Әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылау” атты 12-1-бабының және “Респонденттерге қатысты мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылау” атты 12-2-бабының нормаларына өзгерістер енгізілді», – деді Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Жұлдыз Нұрғалиева.

Бұл өзгерістер респонденттерге қатысты мемлекеттік бақылау жүргізу және алғашқы статистикалық деректерді ұсыну тәртібіне тікелей қатысты.

«12-2-баптың ағымдағы редакциясында респондентке бармай профилактикалық бақылау жүргізу нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда қорытынды ресімделеді, ол респондентке жіберіледі және ол оны алған күннен бастап ЕКІ ЖҰМЫС күні ішінде орындауы тиіс. Бұзушылық жойылған жағдайда респондент әкімшілік жауаптылықтан босатылады», – деді Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Жұлдыз Нұрғалиева.

Ағымдағы жылғы 8 маусымнан Заңның 12-2-бабына енгізілетін өзгерістерге сәйкес мемлекеттік бақылау бұрынғыша респонденттерге бармай-ақ жүзеге асырылатын болады, респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсынбауын не олардың дәйексіз алғашқы статистикалық деректерді ұсынуын анықтау бақылау мәні болып қала береді. Респонденттердің дұрыс емес алғашқы статистикалық деректерді ұсынуын көрсететін жеткілікті негіздер болған жағдайда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР кодексінің 497-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалады.

Shares