Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » ҮАК-не баратын жол жабылуы мүмкін бе? Туристер ағыны неге қауіп төндіреді?

ҮАК-не баратын жол жабылуы мүмкін бе? Туристер ағыны неге қауіп төндіреді?

Үлкен Алматы көліне көліктер өтетін жолдың ашылуы төңірегіндегі дау күні бүгінге дейін басылмай келеді. Біреулер қолайлы жағдайда саяхаттауға мүмкіндік алғанына қуанса, енді біреулері туристердің салақтығынан айнала ластанып жатқандығын алға тартуда. Резонанс тудырған жағдайға Экология және табиғи ресурстар министрлігі түсініктеме берді, – деп хабарлайды QZ MEDIA тілшісі Tengritravel.kz сайтына сілтеме жасап.

Ведомствоның хабарлауынша, келушілердің көп ағынына байланысты ҮАК маңындағы аумақтардың топырақ жамылғысы бұзылған.

«Олардың ішінде: топырақтың эрозиясы мен тығыздалуы, жергілікті өсімдіктердің тапталуы және оның орнына арамшөптің өсуі, сусымалы арша ормандарының проекциялық жамылғысының азаюы бар. Бұл ландшафттың эстетикалық ерекшеліктерін өзгерту қауіпін туындатты», – делінген ресми сауалға жауапта.

Көбінесі туристар табиғат аясында қатты шулап, айналада басқа да адамдар мен тіршілік иелерінің барын ұмытып жатады. Экология министрлігі қатты шудың бірқатар құстарға кері әсер етуі мүмкін екендігін еске салды.

«Қазақстанда сирек кездесетін, Қызыл кітапқа енген орақтұмсықты ерекше атап өтуге болады. Мұның бәрі болашақта Үлкен Алматы көлінің орнитофаунасының өзгеруіне әкелуі мүмкін», – деп толықтырды ведомстводан.

2019 жылы ҮАК-не баратын жол жабылғаннан кейін туристер ағыны азайыпты. Бұл жоғарыда аталған факторлардың барлығына оң әсер еткен.

«Көлге іргелес жатқан аумақтарда зерттеушілер орақтұмсық және жасымық аршасының мекендеу ортасын бақылаған. Бұл түрлердің пайда болуы аумақтың экожүйесінің өзін-өзі сауықтырып жатқандығының көрсеткіші болып табылады», – дейді ұлттық саябақ мамандары.

Ағымдағы жылдың тамыз айының соңында ҮАК-не баратын жол көліктер үшін қайта ашылды. Осыған байланысты туристер саны да қайта артты.

«Сондықтан 13 қыркүйекте жиын ұйымдастырылды. Оған Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының, Іле-Алатау ұлттық паркінің және Алматы облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының өкілдері қатысты. Отырыс қорытындысы бойынша саябаққа баратын ведомствоаралық комиссия құру туралы шешiм қабылданды. Ведомствоаралық комиссия ұсынымдармен қорытындыны бергеннен кейін тиісті шаралар қабылданатын болады. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта ұлттық саябақ пен учаскеде күнделікті патрульдеу жүргізілуде. Қызметкерлер тәртіпті қадағалап, келушілердің ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнаманы сақтауын бақылауда», – деп сендірді министрлік.

Қазір туристерді ҮАК-не тасымалдау үшін электротакси немесе электробустарды шығару мәселесі де қарастырылуда. Бұл жоспарларды жүзеге асыруға ұлттық парк пен «ҚазАвтоЖол» компаниясының қызметкерлері жұмылдырылған.

«Үлкен Алматы көлінің экологиялық жағдайы министрліктің тұрақты бақылауында», – деп баяндады ведомство өкілдері.

Shares