170 солтүстікқазақстандық алимент төлеуден жалтарып жүр
Облыста 7 933 бала мен 7 қарт ата-ана алимент алушы болып есептеледі. Қазіргі таңда 170 солтүстікқазақстандық алимент төлеуден жалтарып жүр. Олардың жалпы қарызы 166,3 млн теңге, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Функционалдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін прокурорлар 71 сот орындаушысын әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартыпты. Себебі, аталған мамандардың енжарлық танытуы қарыздардың өсуіне, борышкерлердің жалтаруына ықпал етуде. 8 қасақана алимент төлемеуші қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, қазір 14 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 98 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нақтырақ айтсақ, 52 адам қамауға алынды, 46 адамға айыппұл салынды. 95 борышкерге іздеу жарияланып, 42-сінің орналасқан жері анықталды. Қалғаны қазіргі уақытта іздестіріліп жатыр.
«Бүгінде сот орындаушыларының өндірісінде мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы жалпы көлемі 10,3 млрд теңгені құрайтын 28 853 құжат бар. Берешекті өндіріп алу бойынша жұмыс барлық уәкілетті және мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының талабы. Сот орындаушылары бюджетті 1,7 млрд теңгені өндіріп алу жолымен толықтырды. Прокурорлық ден қою шараларымен мемлекет кірісіне 120,6 млн теңге мөлшерінде сома өндірілді», деп толықтырды мемлекеттік орган өкілі.