Аққайың ауданына Тәжікстаннан аса қажетті заттар тиелген 16 жүк вагоны жеткізілді
Аққайың ауданына Тәжікстаннан алғашқы қажеттіліктегі заттар салынған 16 жүк вагоны жеткізілді. Олардың ішінде азық-түлік, су, құрылыс материалдары және тағы да басқа дүние бар, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Гуманитарлық жүкті түсіруге Қарағанды облысынан келген 120 әскери қызметкер мен 40 құтқарушы жұмылдырылды. Заттар Петропавл мен Қызылжар ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге беріледі.
«Барлық дүние қаланың су басқан аудандарының тұрғындары баратын қабылдап-тарату пункттеріне тасымалданады. Бұл – Заречный, Былғары зауыты, Ойқала. Кейбір тұрғындар жатақханаға көшірілді. Онда азық-түлік пен су біздің сұрыптау орталықтарынан жеткізіледі», – дейді Петропавл қаласы әкімдігі аппарат бөлімінің басшысы Бақтияр Бикенев.
Қызылжар ауданында су тасқыны басталғалы 3,5 мыңнан астам үйді су басқан.
«Бүгінгі таңда 8 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Эвакуациялық орталықтарда әлі барар жері жоқ адамдар бар. Көпшілігі туыстарын паналауда. Бүгін жарма, су, жаңа киім келді. Бізде тапшы дүниелер. Бізге ең қажетті зат – төсек-орын. Бүгін бірсыпыра төсек-орын алып отырмыз. Көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіремін», – деді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары, эвакуациялық комиссия төрағасы Алма Нұрғалиева.