Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Аққайың ауданына Тәжікстаннан аса қажетті заттар тиелген 16 жүк вагоны жеткізілді

Аққайың ауданына Тәжікстаннан аса қажетті заттар тиелген 16 жүк вагоны жеткізілді

April 24, 2024 15:27

Аққайың ауданына Тәжікстаннан алғашқы қажеттіліктегі заттар салынған 16 жүк вагоны жеткізілді. Олардың ішінде азық-түлік, су, құрылыс материалдары және тағы да басқа дүние бар, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Гуманитарлық жүкті түсіруге Қарағанды ​​облысынан келген 120 әскери қызметкер мен 40 құтқарушы жұмылдырылды. Заттар Петропавл мен Қызылжар ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге беріледі.

«Барлық дүние қаланың су басқан аудандарының тұрғындары баратын қабылдап-тарату пункттеріне тасымалданады. Бұл – Заречный, Былғары зауыты, Ойқала. Кейбір тұрғындар жатақханаға көшірілді. Онда азық-түлік пен су біздің сұрыптау орталықтарынан жеткізіледі», – дейді Петропавл қаласы әкімдігі аппарат бөлімінің басшысы Бақтияр Бикенев.

Қызылжар ауданында су тасқыны басталғалы 3,5 мыңнан астам үйді су басқан.

«Бүгінгі таңда 8 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Эвакуациялық орталықтарда әлі барар жері жоқ адамдар бар. Көпшілігі туыстарын паналауда. Бүгін жарма, су, жаңа киім келді. Бізде тапшы дүниелер. Бізге ең қажетті зат – төсек-орын. Бүгін бірсыпыра төсек-орын алып отырмыз. Көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіремін», – деді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары, эвакуациялық комиссия төрағасы Алма Нұрғалиева.

Shares