Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Балаларды қорғау күніне орай Qyzyljar Creative орталығында оқушыларға «Кибер Тұмар» квест ойыны ұйымдастырылды

Балаларды қорғау күніне орай Qyzyljar Creative орталығында оқушыларға «Кибер Тұмар» квест ойыны ұйымдастырылды

Петропавл қаласындағы Креативті индустрия орталығында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Кибер Тұмар» атты интерактивті квест ұйымдастырылды. Іс-шараға 50 мектеп оқушысы қатысып, цифрлық қаланың бес түрлі локациясын аралады. Әрбір локация интернеттегі қауіпсіздікке, цифрлық сауаттылыққа және болашақ технологияларына арналды, деп хабарлайды QZ News.

Квест республикалық «Қазақстан балалары» акциясы аясында өткізілді және оны аймақтық SKO Hub IT-хабы ұйымдастырды.

Қатысушылар «Digital Nomads» аймағында IT-сұрақтарға жауап беріп, «ОЮ Lab»-та жасанды интеллект көмегімен цифрлық суперқаһарман жасады. «Қазына» кітапханасында олар шынайы және генерацияланған пікірлерді ажыратуды үйренсе, «Қайнар» локациясында «киберкедергілер жолағынан» өтті. Ал GEOSKAN KAZAKHSTAN коворкингінде дрондармен танысып, оларды басқаруды меңгерді.

«Іс-шараның мақсаты – оқушылардың цифрлық қауіпсіздік туралы базалық білімін қалыптастыру, интернет-қатерлерді тануға, жасанды интеллект құралдарын қолдануға үйрету, сонымен қатар креативтілігін және топпен жұмыс істеу қабілетін дамыту. Ойын түрінде балалар кибер-гигиенаның маңызды ережелерін меңгеріп қана қоймай, оларды тәжірибе жүзінде қолдана алады», – деді SKO Hub аймақтық IT-хабының директоры Нұргүл Болатова.

Климентий тобы GPT чатының көмегімен балаларға интернет-қатерлерден сақтануға және желіде қауіпсіз әрекет етуге үйрететін цифрлық суперқаһарман жасады. Бұл жоба Климентий үшін қызықты тәжірибе мен топпен жұмыс істеудің тамаша мүмкіндігі болды.

«Бұл мен үшін қызықты тәжірибе және керемет командалық жұмыс болды. Мен әрдайым күмәнді сілтемелерді антивируспен тексеремін және бірден баспаймын – балаларға да солай үйретемін. Біздің суперқаһарман балалардың интернетте қауіпсіз болуына көмектесіп жатқанына қуаныштымын», – деді №23 орта мектептің 8-сынып оқушысы Климентий.

Квест соңында барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Shares