Бескөлде заманауи хоккей алаңының құрылысы аяқталуға жақын
Қызылжар ауданына қарасты Бескөл ауылының тұрғындары жаңа хоккей алаңының ашылуын асыға күтуде. «СевимСтальКом» ЖШС жүзеге асырып жатқан ауқымды жоба аяқталу сатысына жетті, деп хабарлайды QZ News.
Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоспарланған кезеңдердің басым бөлігі сәтті орындалған. Іргетасы құйылып, берік металл қаңқасы орнатылған, заманауи сэндвич-панельдермен қапталған, тент жабыны тартылып, еден мен хоккей алаңының бетон іргетасының 85%-ы төселді. Ішкі әрлеу жұмыстары 97%-ға, жарықтандыру жүйесі 90%-ға орындалған.
Құрылысшыларға әлі де бірқатар маңызды ішкі және сыртқы жұмыстарды аяқтау қажет. Алдағы уақытта су қыздырғыштар мен душ кабиналары орнатылады, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жүргізіледі, жылыту мен желдету жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар, жер асты суларын сорып шығару және септик орнату жоспарланған.
Құрылыс сапасы мен оның талаптарға сәйкестігі үнемі бақылауда. Техникалық қадағалауды «Фиридо» ЖШС, ал авторлық бақылауды «Континент Инжиниринг» ЖШС жүзеге асыруда.
Құрылыстың толық аяқталуы және алаңның салтанатты ашылуы жақын арада күтілуде.