Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » “Біз қалаға қайықпен барамыз”: Тасқыннан зардап шеккен Прибрежное ауылы тұрғындарының бүгінгі өмірі

“Біз қалаға қайықпен барамыз”: Тасқыннан зардап шеккен Прибрежное ауылы тұрғындарының бүгінгі өмірі

Прибрежное ауылы тұрғындарының жартысын топан судың келуіне байланысты эвакуациялауға тура келді. Елді мекенде 2 мыңға жуық адам тұрды. Су 225 үйге кірді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Судың күшті болғаны соншалық, бөгетті бұзып өтті. Ауыл су астында қалды. Отбасыммен бір күнді мектепте өткіздім. Содан кейін бізді Бескөлге эвакуациялады. 10 күннен кейін үйімізге қайтып келдік. Күн сайын қалаға қайықпен барамыз. Құтқарушыларға шын жүректен алғыс айтамын”, – деді Прибрежное ауылының тұрғыны Әлік Мұрсәлім.

5 қайықпен адам тасу таңғы 8.00-ден кешкі 19.00-ге дейін жүзеге асырылады. Орташа алғанда, құтқарушылар күніне шамамен 44 рет адамдарды тасымалдайды. Ауа райы бұзылып, жел тұрса, толқын көтерілсе, қатынауға уақытша шектеу қойылады. Бұл – адам өміріне қауіпті. Ал Есіл өзеніндегі су деңгейі төмендеген кезде ауыл тұрғындарын “вахтовка” арқылы тасымалдау қолға алынады.

“Бізде понтон өткелі ұйымдастырылды. Жүктерді, мал азығын тасымалдау үшін ыңғайлы. Онымен адамдарды тасымалдауға тыйым салынады. Осыған байланысты аумақта құтқарушылар жұмыс істейді. Мұнда үрлемелі және металл қайықтар бар. Қауіпсіздік үшін әрбір құтқарушы мен тұрғынға құтқару кеудешелері киіледі”, – деді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Нариман Ашамаев.

Shares