Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Электр тоғынан туындаған реанимацияны жергілікті фельдшерлер сәтті жасады

Электр тоғынан туындаған реанимацияны жергілікті фельдшерлер сәтті жасады

22 тамыз күні кешкі 8 шамасында облыстық жедел медициналық көмек орталығына шұғыл қоңырау түскен. Хабарласқан жан ер адамды электр тоғы соққанын айтқан, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Оқиға орнына Батырхан Аманжолов, Батырхан Әлжанов және Владимир Юровский сынды фельдшерлер мен жүргізушіден тұратын бригада 5 минут ішінде жеткен. Науқас клиникалық өлім жағдайында болыпты. Тексеру жұмысынан кейін мамандар дереу реанимациялық шараларды бастаған: жүрек сыртына массаж жасау, механикалық желдету, дефибрилляция, трахеяны интубациялау. Реанимацияның төртінші кезеңінде өздігінен тыныс алу және ұйқы артерияларында соғу пайда болыпты. 20:23-те науқас қалалық көпсалалы аурухананың жансақтау бөлімшесіне жеткізіліпті.

«Реаниматологтардың кәсіби шеберлігінің арқасында науқас мамандандырылған бөлімшеге ауыстырылды. Ағымдағы жылдың ақпан айында фельдшерлер біздің халықаралық тренерлердің жетекшілігімен жедел медициналық көмектің халықаралық стандарттары бойынша оқытылды. Жүргізуші негізгі реанимация бойынша сертификатталған. Біз сіздің өміріңізді сақтап қалуды үйреніп жатырмыз! Ток соғу жағдайында көмек көрсетуден бұрын қауіпсіздікке көз жеткізу керек екенін қосқым келеді», – деп жазды өзінің фейсбук парақшасында облыстық жедел медициналық жәрдем орталығы директорының міндетін атқарушы Юрий Белоног.

Shares