Есіл ауданындағы Покровка ауылында 20-дан астам үйге су кірді ⠀
СҚО Есіл ауданының Покровка ауылында Есіл өзенінің көтерілуіне байланысты 24 үй су астында қалды. Ауданда су тасқынына қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстардың қалай жүріп жатқандығымен Мәжілістің «AMANAT» фракциясының мүшелері танысты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
⠀
Покровка арқылы «Петропавл-Жезқазған» республикалық трассасы өтеді. Су тасқынына қарсы штабтың хабарлауынша, жағдай бірнеше күн бұрын еріген су тас жолдан өткен кезде басталған. Бүгінгі таңда ауылдағы су деңгейі 1,5 метрден асады, бұл қауіп төндіреді. Жағдай Есіл өзенінде мұздың қалқуымен де қиындайды.
⠀
Жергілікті эвакуациялық пункт Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжінде орналасқан, алайда ол жерде адамдар жоқ. Барлық эвакуацияланған тұрғындар туыстарына қоныстанды. Мәжіліс депутаттары Еркебұлан Мәмбетов, Дмитрий Колода және Бақытжан Базарбек су басу аймағына түскен үйлердің иелерімен кездесіп, оларға шығындарды өтеу бойынша жағдайды түсіндірді.
«Өтемақы Үкіметтің 2017 жылғы 19 желтоқсандағы қаулысына сәйкес беріледі. Төтенше жағдай басталғаннан бастап 30 күн ішінде жергілікті мемлекеттік органдарға өтемақы туралы өтініш беру қажет, 10 жұмыс күні ішінде залалдың мөлшері айқындалады. Өтемақы төлеуге арналған қаражат жергілікті атқарушы органдардың резервтерінде бар. Егер қосымша қаржыландыру қажет болса, ол мемлекеттік резервтен беріледі. Мемлекет көмек көрсетеді, ешкім назардан тыс қалмайды», – деді Дмитрий Колода.
⠀
Көршілес Николаевка ауылында 20-дан астам үй су астында қалды. Барлық тұрғын жергілікті эвакуациялық пунктке қоныстанды. Мәжілісмендер сол жерде қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Қазір жергілікті атқарушы органдардың, тауар өндірушілер мен «AMANAT» партиясы еріктілерінің күшімен бөгет тұрғызылып жатыр. Техника жұмыс істеуде.