Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Ғауез Нұрмұхамбетов халықпен кездесуде солтүстікқазақстандықтардың сұрақтарына жауап берді

Ғауез Нұрмұхамбетов халықпен кездесуде солтүстікқазақстандықтардың сұрақтарына жауап берді

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің халықпен кездесуі қалалық мәдениет үйінде өтті. Оған бірсыпыра адам қатысты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Кездесуге қатысушылар Ғауез Нұрмұхамбетовке және Серік Мұхамедиевке сұрақтарымен жүгінуге мүмкіндік алды. Облыс әкімінен Парковая көшесі, 21 мекенжайы бойынша орналасқан жаңа үйдің тұрғындары көмек сұрады.

“Үй 2023 жылы қараша айында пайдалануға берілді. Көп ұзамай бізде ыстық судың жоқтығы, жылытудың нашарлығы сынды мәселе туындады. 4-ші подъезде орналасқан пәтерлердегі жағдай тіпті сұмдық, әкімдікке бірнеше рет хабарласып, шағым білдірдік, алайда жауап алмаймыз. Құрылыс компаниясы директорының орынбасары да мәселені біледі, бірақ ол үш айдан бері жауап бермейді. Жаңа үй тұрғындарының 40% – мүгедек. Олар жуыну үшін шәйнек арқылы су жылытады”, – деді Петропавл тұрғыны Галина Белоусова.

Облыс басшысы жауапты тұлғаларға үйдің мекенжайын жазып алып, жағдайды қысқа мерзімде түзетуді тапсырды. Сондай-ақ, облыс әкіміне тұрғындардың бірі “Орман” шағын ауданын жарықтандыру мәселесі бойынша жүгінді.

“10-12 көше жарықтандырылмаған, қалалық әкімдік шамдардың қашан пайда болатынын айтпайды. Балалар мен ересектер қараңғы уақытта ауданда жүруден қорқады”, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Рустам Жүсіпбеков.

“Бұл көшелердің барлығы  шаруашылық мақсатта жарықтандырылды. Қазір біз қаланы жарықтандырудың бірыңғай жүйесін жасағымыз келеді, сіздің өтінішіңізді ескеріп, мәселені шешеміз”, – деді Серік Мұхамедиев.

Ал Кристина Белых заңды пәтерін алу үшін өз кезегін күтуде. Жетім азаматша екі баланы тәрбиелеп отыр.

“Егер сізді бұл ұсыныс қанағаттандырса, біз сізге жатақхана бере аламыз. Биыл жетім балаларға қосымша 20 пәтер беру жоспарлануда. Мұндай тұрғын үй жыл сайын беріледі, барлығы ақша бөлуге байланысты. Ал қаржы халықтың әлеуметтік осал топтарына пәтер сатып алу үшін республикалық бюджеттен келеді”, – деп түсіндірді қала әкімі.

Кездесу 2,5 сағаттан астам уақытқа созылды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Shares