Ғауез Нұрмұхамбетов облыстың 64 педагогына марапат табыстады
Ұстаздар күніне орай С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды драма театрында салтанатты жиын өтті. Онда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов облыс орталығы мен аудандарда еңбек ететін ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, оларға марапат табыстады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Мұғалім – мектептің жүрегі, ал елдің тірегі. Орта білім сапасы – табысты ұлттың қалыптасуының маңызды шарты. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Мұғалімдер – ұлттың ұзақ мерзімді прогресінің негізін қалайтын елдің зияткерлік авангарды» екенін атап өткен болатын.
“Педагог мамандығы бүкіл әлемде ең құрметті мамандықтардың бірі болып саналады. Сіздер балаларға білім әлемін ашып, оларға білім, өмірлік даналық бересіздер. Сіздер ұрпақ тәрбиелеп отырсыздар. Бойдағы кәсіпқойлық, іске деген сүйіспеншілік қасиеттеріңізбен балаларымыздың дамуына баға жетпес үлес қосып келесіздер”, – деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
5 қазан күні аймақ басшысының қолынан теріскейлік 64 педагог марапат алды. «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі 16 мұғалімге берілді. Мұғалімдер күніне орай «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі 11 адамға табысталды. Мереке күні «Еңбек ардагері» медаліне 8 педагог ие болды. Ал «Солтүстік Қазақстан облысы білім беру жүйесінің Құрметті қызметкері» атағын 6 адам алды. Тағы 7 мұғалімге аймақ басшысы «Мағжан Жұмабаев» ерекше белгісін табыс етті. Сонымен қатар, 14 адам облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын алу үшін сахнаға ортасына шықты.
“Мен облыс әкімінің Алғыс хатын алдым. Еңбегімнің атап өтілгені қуантады. Білім саласында 20 жылдай жұмыс істеп келемін. Еңбек жолын мұғалім лауазымынан бастадым, біртіндеп алға ұмтылдым, өсіп отырдым. Өз жұмысымды жақсы көретінімді айтқым келеді, балалармен жұмыс істеу, олардың өсіп-жетілуін көру ұнайды”, – деді Шал ақын ауданындағы “Өркен” өнер мектебінің директоры Елена Егорова.
Театрдың төменгі қабатында үздік мұғалімдердің галереясы, өңірдің алтын қоры ұсынылды. Олардың арасында танымал мұғалімдер, «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары, шеберлер мен магистрлер бар. Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламамен аяқталды.