Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы айналма каналдардың құрылысы мен қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстарын тексерді
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл мен Қызылжар ауданында жүргізіліп жатқан айналма каналдардың құрылысы мен қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды QZ News.
Қызылжар ауданында су тасқыны қаупі бар үш елді мекен бар – Соколовка, Большая Малышка және Вагулино. Бұл қауіпті азайту мақсатында Соколовка маңында жаңа канал салу және Есіл өзенінің арнасын түзету жұмыстары жүргізілуде. Бұл аталған елді мекендер маңындағы судың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
“Көктемгі су тасқынының шарықтау кезеңінде Петропавл су торабы өзен арнасының тарылуына байланысты қажетті көлемдегі суды өткізе алмайды. Бұл мәселені шешу үшін Заречный ауылы маңындағы ескі арнаны пайдалана отырып, айналма канал салу қолға алынған. Қазіргі таңда ұзындығы 3,7 шақырым болатын айналма каналдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ол су тасқыны кезінде артық судың алдын ала төгілуін қамтамасыз етеді”, – делінген облыс әкімінің Telegram-арнасында.
Сонымен қатар, Ущева бөгеті мен Былғары зауыты кентіндегі бөгеттерге темір-бетон плиталарын төсеу жұмыстары жалғасуда. Бұл бөгеттердің беріктігін арттырып, шайылудың алдын алуға және шағын аудандарды су басудан қорғауға мүмкіндік береді.