Италиялық компания СҚО-да азықтық ашытқы шығаратын зауыт салуға 3 млрд теңге инвестиция құяды
Солтүстік Қазақстан облысына ірі италиялық инвестор тартылды. Өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Prosol Spa» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Адельберто Вилламен және атқарушы директор Даниэле Бонвичинимен кездесу өткізіп, маңызды инвестициялық жобаның жүзеге асырылуын талқылады, деп хабарлайды QZ News.
Италиялық серіктестер «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында азықтық ашытқы өндіретін заманауи зауыт салуды жоспарлап отыр. Өңір басшысы инвесторларға Солтүстік Қазақстан облысын таңдағаны үшін алғысын білдіріп, жобаны жан-жақты қолдауға дайын екенін айтты.
«Солтүстік Қазақстан – нәтижелі әріптестікке ашық!», – деп жазды Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Зауыт құрылысына салынатын инвестиция көлемі – 3 млрд теңге. Кәсіпорын 2026 жылы іске қосылып, жыл сайын 3 000 тонна жемдік ашытқы өндіруді жоспарлап отыр. Бұл өнім ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін арттыруға ықпал етеді, ал бұл өз кезегінде өңірде сүт және ет бағытындағы мал шаруашылығының дамуы аясында аса өзекті. Жоба аясында Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары үшін 40 жаңа жұмыс орны ашылады.