Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Конституция күні Петропавлда “Ботай” АРТ-галереясы ашылды

Конституция күні Петропавлда “Ботай” АРТ-галереясы ашылды

Облыс орталығында “Ботай” АРТ-галереясының ашылуы өтті. Оның атауы Солтүстік Қазақстан облысының бірегей археологиялық ескерткішімен байланысты. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысқан салтанатты ашылу Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орайластырылды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

“Конституция күні облыс үшін маңызды нысанды ашқалы отырмыз. Галереяның Конституция көшесінде орналасқандығы – қуантарлық жайт. Бұл – біздің мақтанышымыз, келесі жылы осы көшені одан әрі көркейту үшін қайта құру жұмыстары жүргізіледі”, – деп атап өтті Ғауез Нұрмұхамбетов.

Галереяда облыс аумағында және одан тыс жерлерде тұратын қазақстандық сурет өнерінің негізін қалаушылардың, І және ІІ халықаралық “Ботай Ұлы дала мәдениеті” симпозиумына қатысушы суретшілердің картиналары ұсынылған. Галереяның эскиздік жобасын Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі Болат Әсербеков әзірледі.

“Біз ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдерін, ҚР Суретшілер одағының мүшелерін шақырдық. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Тәуелсіздігінің нышаны саналатын “Қазақ Елі” монументінің авторы Сембіғали Смағұлов келді, Ғалия Мақашеваны шақырдық. Ол – республикалық және халықаралық көрмелердің қатысушысы, “Азия көшбасшылары” сыйлығының лауреаты, СҚО тумасы. Жаңа әрі заманауи галерея туристер мен қала тұрғындары үшін тартымды орынға айналатынына, облыстың мәдени өмірінде ерекше орын алатынына сенімдімін. Галерея мәдениет пен білім беру салаларының маңыздылығын, патриоттық және шығармашылық тәрбиенің ұшқындарын біріктіріп, кез келген жастағы көрермендерді өзіне ынтық қылады”, – деді облыстық музей бірлестігінің директры Гүлнар Мұқышева.

2025 жылы СҚО-да “Ботай Ұлы дала мәдениеті” атты үшінші Халықаралық симпозиумы өтеді. Жаңа галереяда жеке көрмелер ұйымдастырылмақ. Ол үшін Франция мен Германиядан келетін суретшілер өз өтінімдерін берген.

“Галереяның халықаралық маңызы бар. Петропавлда әлемнің түкпір-түкпіріндегі суретшілер көрме ұйымдастыра алатын орын пайда болғанына қуаныштымын. Мұнда кез келген адам “Ботай” қонысы туралы көбірек ақпар ала алады, – деп атап өтті республикалық және халықаралық көрмелерге қатысушы, “Азия көшбасшылары” сыйлығының лауреаты, СҚО тумасы Ғалия Мақашева.

Shares