Медициналық сақтандыру қорының көмегімен солтүстікқазақстандықтар көзді қайда және қалай емдей алады?
Міндетті медициналық сақтандыру қорының мамандары офтальмология саласында қандай медициналық көмек және оны қайдан алуға болатынын айтып берді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Медициналық сақтандыру қорының облысымыздағы филиалы офтальмологиялық қызмет көрсететін – «Айна-Көз» және «Есіл диагностик» сынды орталықтармен жұмыс істейді. Ағымдағы жылы медициналық қызмет көрсетуге 900 миллион теңгенің келісім-шарттары жасалған. Медициналық ұйымдарда тегін қызмет алу үшін бірінші және міндетті шарт – сақтандыру болып табылады.
«Медициналық сақтандыру аясында медициналық көмек алар кезде біз көмектің жаңа түрлері – жоғары технологиялық медициналық көмек, қымбат медициналық хирургия, офтальмологиялық көмек, оңалту туралы айтатын боламыз. Оны сіздер сақтандырылған мәртебесін алу арқылы ала аласыздар. Жыл сайын жаңа әдістер, технологиялар, дәрілер енгізілуде, оның барлығы қосымша қаражатты қажет етеді. Сондықтан міндетті медициналық сақтандыру қорына түсетін қаражат шегінде медициналық қызметтердің тізімі анықталады. Біз бүкіл халқымыздың сақтандырылуын қамтамасыз етуге тырысамыз, сонда біз медициналық қызметтердің жаңа түрлерін қоса аламыз», – деп қосты «Міндетті медициналық сақтандыру қоры» СКОФ КЕАҚ директоры Лариса Гордеева.
«Айна-Көз» көз орталығында міндетті медициналық сақтандыру аясында медициналық қызмет көрсету бойынша қандай жұмыстар атқарылғаны да айтылды. Халықаралық стандарттарға сай 10-ға жуық жаңа заманауи құрылғы сатып алынған. Соның арқасында көру қабілетін қалпына келтіруге арналған операциялардың барлығы дерлік облыс орталығында жасауға болады. Көруді лазерлік түзету, катарактаны кетіру, көздің толық диагностикасы, страбизмді, көздің торлы қабығының бөлінуін емдеу және тағы басқалар, жеке клиникадағы осы қызметтердің барлығын міндетті медициналық сақтандыру қоры арқылы тегін алуға болады, бұл үшін медициналық сақтандырудың жолдамасы қажет.
«2018 жылды 2023 жылмен салыстырғанда жұмыс көлемі 50 пайызға өсті. Бұл сақтандыру қорының арқасында. Емханалармен келісім-шартқа отырып, бірлесіп орындау бойынша жұмыс істей бастағандықтан, амбулаториялық-емханалық көмек 3 есеге артты. Бұл тұрғындарға қызметтер мен заманауи емдеу әдістерін пайдалануға мүмкіндік береді. Біздің қолымыздан көп нәрсе келеді, бірақ бәрі емес, өйткені тәжірибені, басқа дәрігердің диагнозын және емдеуді қажет ететін аурулар әлі де бар», – дейді «Айна-Көз» көз орталығының бас директоры Олеся Леонтьева.
Міндетті медициналық сақтандыру қорының қызметін пайдалану үшін сақтандырылған науқас тіркелген жері бойынша емханаға барып, жолдама алуы қажет. Сонда сіз қажетті медициналық көмекті тегін аласыз.