Облыстық автокөлік одағының серіктестері СҚО-ға гумкөмек жеткізді
Қытай Халық Республикасының “Yutong” компаниясы Петропавлға гуманитарлық көмек партиясын жеткізді. Аталған ұйымның жолаушылар автобустары күн сайын Петропавл ішінде қатынайды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Осыдан екі жыл бұрын біздің қаламызға 100 жаңа автобус жеткізілді. Әріптестеріміз аймақта күрделі су тасқыны жағдайы екенін, біздің кәсіпорындарда да зардап шеккендер бар екенін біліп, көмек көрсетті. Біз тауарлардың бір бөлігін қалдырдық, кәсіпорындарға, қызметкерлерімізге таратамыз. Тағы бір бөлігін қайырымдылық үшін жалпы қорға әкелдік. Компания бізбен адал жұмыс істейді, белсенді, біздің барлық қоңырауларымызға жауап береді, біз қолдау үшін өте ризамыз”, – деді “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрағасы Галина Семенова.
Аспан асты елінің серіктестері “Радуга” ЖШС алаңына печенье, тез дайындалатын кеспе, ауыз су, жолаушылар көлігіне арналған қосалқы бөлшектер жеткізді.
“Қытай Халық Республикасы шетте қалмайды. Біз де өз үлесімізді қосып, қазақстандықтарға көмектесуді ұйғардық. СҚО-лық клиенттерімізге бірінші қажеттіліктегі өнімдерді әкелдік. Сондай-ақ, алдын ала қоңырау шалып, автобустарға қандай қосалқы бөлшектер қажет екенін білдік”, – деді “Yutong” компаниясының сатылымнан кейінгі менеджері.